Афиша

Жанұзақ Мүсәпірдің «Тәуелсіздік – Тұғырым! Құдіретім – Қылқалам!» атты жеке көрмесінің ашылуы

Жанұзақ Мүсәпірдің «Тәуелсіздік – Тұғырым! Құдіретім – Қылқалам!» атты жеке көрмесінің ашылуы
2021 жылғы 9 желтоқсан күні сағат 16:00-де ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Еуразиялық көркемөнер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Өнер академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпірдің «Тәуелсіздік – Тұғырым! Құдіретім – Қылқалам!» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді. Мақсаты – Жанұзақ Мүсәпірдің шығармашылық туындыларын көрермен назарына ұсыну. Жанұзақ Мүсәпір – суретші-кескіндемеші. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдаған. Оның суреттеріне қарап, туындылар бір шебердің қолынан шықты деп айту қиын. Ол суреттерді салу мәнерін өзгертіп отырады. Бірде қылқаламмен немесе мастихинмен бояуды бедерлі етіп жақса, енді бірде құбылту мен жылтыратуды, көмескілеуді, сол сияқты бояу түсіру техникасын жалпақ дақтармен кезектестіре отырып бірнеше техниканы қатар қолданады. Жанұзақ Мүсәпір – көптеген топтық және жеке көрмелерге қатысқан. Оның еңбектері жеке коллекцияларда, сол сияқты Қытай, Польша, Германия, Ресей және т.б. елдердің музей қорларында сақтаулы. Іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысады.