Ұлттық музейде ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші Қазахбай Әжібекұлының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «QYZĞALDAQ MEKENI» көрмесі ашылды.
Экспозицияға суретшінің туған жерге деген сүйіспеншілігін, ұлттық рух пен тәуелсіздік идеясын арқау еткен туындылары қойылды.
Салтанатты ашылу рәсімінде ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев, Астана халықаралық университетінің ректоры Анар Мырзалиева, композитор, ақын, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов және суретші Камиль Муллашев құттықтау сөз сөйледі.
Министрлік атынан жолданған құттықтау хатта Қазахбай Әжібекұлының ұлттық бейнелеу өнерін дамытуға әрі мәдени мұраны насихаттауға қосқан үлесі жоғары бағаланды. Сондай-ақ, суретшіге «Астана халықаралық университетінің құрметті профессоры» төсбелгісі табысталды.
Өнертанушы, Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары С.Ж. Кобжанова суретшінің цифрлық туындыларындағы шығармашылық ізденісі мен көркемдік ерекшеліктеріне тоқталды.
Көрменің маңызды жаңалығы – Қазахбай Әжібекұлының «Алтын Орда» атты картинасының ҚР Ұлттық музейінің тұрақты экспозициясына қабылданып, «Алтын Орда» залынан орын алуы.
Өз кезегінде көрме авторы Қазахбай Әжібекұлы министрлікке және Ұлттық музей ұжымына алғысын білдіріп, музей кітапханасының қорына авторлық кітаптарын табыс етті.