Республика күні қарсаңында ҚР Ұлттық музейінде «Тәуелсіздік тұғырындағы тұлғалар: ғылым мен мәдениет қайраткерлері» атты көрме көременге жол тартты.
Аталмыш көрмеден Өзбекәлі Жәнібеков, Кенжеғали Сағадиев, Оразақ Смағұлов, Төрегелді Шарманов, Кемел Ақышев, Ақселеу Сейдімбек және басқа да ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің мұраларымен, жеке заттарымен танысуға болады.
Сондай-ақ, Роза Рымбаева, Болат Аюханов, Айман Мұсақожаева, Нұржамал Үсенбаева, Жәния Әубәкірова және Әзірбайжан Мәмбетовтің сахналық киімдері ұсынылып, ұлттық өнердің бай мұрасы мен тарихи сабақтастығы дәріптелді.
Шараның ашылу салтанатында Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы сөз сөйлеп, бұл жәдігерлер музей қорындағы мол мұраның бір бөлігі ғана екенін атады. Алдағы уақытта көрнекті тұлғалардың өнегелі өмір жолы және ел дамуына қосқан үлесін кеңінен таныту мақсатында көрмені толықтыру мен ауқымын кеңейту жоспарланып отырғанын жеткізіп, тарихи тұлғалардың мұрасын ұлықтау арқылы өскелең ұрпақтың ел тарихына деген құрметін арттырып, болашаққа деген сенімін нығайтуға болатынын жеткізді.
Одан әрі Болат Аюхановтың жары Райхан Ізбасар, өнер майталмандары Төлеген Мұхамеджанов және Айман Мұсақожаева сөз сөйлеп, көрменің тарихи маңызына тоқталды.
Шараға қатысушылар экспозицияны тамашалап, тәуелсіздік жылдарындағы ғылым мен мәдениеттің дамуына үлес қосқан тұлғалардың мұрасымен танысты. Бұл көрме өз келушілерін асыға күтеді.