БҰҰ күніне орай GLOCAL көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде БҰҰ күніне орай GLOCAL көрмесі ашылды. Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ҚР Ұлттық музейі бірлесіп ашқан «GLOCAL: Жаһандық мақсаттар. Адам тағдырлары» фотокөрмесі және мультимедиалық экспозициясында 30 фотопортрет пен бейнесұхбат ұсынылған.

Көрме келушілерді Тұрақты даму мақсаттарының артында тұрған адамдармен және олардың қоғам өміріне әкеліп жатқан өзгерістерімен танысуға мүмкіндік береді.

Көрменің ашылу салтанатында БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча: «Бүгін біз ашып отырған көрменің басты идеясы – жаһандық міндеттемелердің жергілікті жерлерде нақты іске айналуы. Тұрақты даму – адамдарға дайын күйінде ұсынатын нәрсе емес. Оны біз адамдармен бірге жүзеге асырамыз. Осы БҰҰ күнінде бізді біріктіретін мұраттарды ғана емес, сол мұраттарды өмірде жүзеге асырып жүрген адамдарды да ұлықтайық», – деді.

Ал Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Тұрақты даму мақсаттарының әрқайсысы маңызды екенін атап өтті.

«Кедейлікті жоюдан бастап халықаралық ынтымақтастыққа дейін – барлығы өзекті. Оның ішінде қалалардың дамуы, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бар. Бұлардың бәрі – әр адамның өміріне тікелей әсер ететін факторлар», – деді Ержан Ашықбаев.

Көрме Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларынан, сондай-ақ Қарағанды, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарынан келген түрлі буын өкілдерінің жаңашылдыққа, табандылық пен өзгеріске толы оқиғаларын біріктіреді. Ең жас қатысушылар небәрі 17 жаста. Олардың арасында ауаны ластайтын бөлшектерді принтер картридждеріне арналған пигменттерге айналдыру технологиясын әзірлеп жүрген жас өнертапқыш және күн энергиясының көмегімен ауадан ауызсу өндіретін кәсіпкер бар.

Экспозицияда басқа да тағылымды оқиғалар ұсынылған. Олардың қатарында адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация бойынша 5 мыңнан астам медицина қызметкерін оқытуға атсалысқан маман; Ауғанстаннан келген, тігін кәсібін қайта жолға қойып, Eurasian Fashion Week сән апталығына қатысқан босқын әйел; Маңғыстаудағы 145 ауыл тұрғыны мен мүгедектігі бар адамға дәстүрлі қолөнерді үйреткен шебер әйел; сондай-ақ Ливандағы БҰҰ бітімгершілік миссиясында қызмет етіп, Қазақстанның халықаралық бейбітшілік және қауіпсіздікке қосқан үлесін көрсеткен әскери дәрігер бар. Бұл жетістіктер жеке бастама, білім, мүмкіндік пен әріптестіктің адамдар және тұтас қауымдастықтардың өмірін қалай өзгерте алатынын дәлелдейді. Аталған кейіпкерлер ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.

Көрме 2026 жылдың 4 қарашасына дейін жалғасады.

GLOCAL атауы ағылшын тіліндегі global (жаһандық) пен local (жергілікті) сөздерінің бірігуінен шыққан.