2026 жылғы 8 қазанда Ташкент қаласында Өзбекстан мемлекеттік тарих музейінің 150 жылдық мерейтойына арналған «ХХІ ғасырдағы музейтану: зерттеулер, дәстүрлер және инновациялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияда Қазақстан, Өзбекстан, Иран, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан, АҚШ, Жапония және басқа да елдердің музей мамандары мен ғылыми қауымдастық өкілдері бас қосты. Халықаралық жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы қатысты.
1876 жылы негізі қаланған Өзбекстан мемлекеттік тарих музейі – Орталық Азиядағы байырғы музей мекемелерінің бірі. Бір жарым ғасыр бойы тарихи-мәдени мұраны жинақтап, сақтап және зерттеп келе жатқан музей қорында археологиялық олжалар, көне теңгелер, қару-жарақ, қолөнер бұйымдары мен қолжазбалар бар.
Ғылыми басқосуда музей ісін дамытудың заманауи бағыттары, тарихи-мәдени мұраны сақтау және зерттеу, музей қорларын консервациялау мен реставрациялау, археологиялық ескерткіштерді музейлендіру, сондай-ақ музей қызметіне цифрлық технологиялар мен инновациялық тәсілдерді енгізу мәселелері талқыланды.
Аталған конференция музей мамандарының кәсіби тәжірибе алмасуына, ғылыми байланыстарды кеңейтуге және тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.