Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қытай ұлттық музейі арасында екі елдің ғылыми байланыстарын арттыру мақсатында «Солтүстік Қазақстандағы қола және ерте темір дәуірлері арасындағы мәдениет» атты халықаралық археологиялық экспедиция өз жұмысын бастады.
Соның нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Имантау жерінде қола дәуірінің қонысы – Имантау кешенінде зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Экспедиция жетекшісі – ҚР Ұлттық музейі Мәдени мұраны ғылыми зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, археолог Д. Дүйсенбай.
Зерттеу жұмыстары 14 шілдеден бастау алып, 17 тамызға дейін жоспарланып отыр. Қазба аумағы 324 шаршы метрді жерді құрайды.
Қазбадан қола дәуіріне тиесілі қыш ыдыс бөліктері, тас құралдар мен жануар сүйектері көптеп табылуда. Ерекше жәдігерлер қатарына сүйектен жасалған жапсырма, жебе ұштары, біздер, қоладан жасалған біздер, металл өңдеуге пайдаланған кен қалдықтары шықты.
Имантау қонысы алғашқы қазба жұмыстарының нәтижелері бойынша қола дәуірінің тұрақты мекен еткен алып қонысы болған.