Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Афинадан Астанаға дейін. Владимир Потанин коллекциясындағы Олимпиада жәдігерлері» көрмесі ашылды.
Экспозиция қазіргі заманғы алғашқы Олимпиада ойындарының 130 жылдығына орай ұйымдастырылып, «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирінің мәдени бағдарламасының маңызды бөлігіне айналмақ.
Көрмені ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық музей, Ұлттық Олимпиада комитеті мен «В. Потаниннің Олимпиадалық коллекциясы» жобасы бірлесіп ұйымдастырды.
Экспозицияда Владимир Потаниннің коллекциясынан алынған 140 түпнұсқа жәдігер ұсынылып отыр. Олардың қатарында 1896 жылғы Олимпиада ойындарынан бастап табысталған марапат және естелік медальдар, олимпиадалық алаулар мен дипломдар бар.
Сонымен қатар, келушілер назарына Ұлттық музей қорындағы атақты спортшылардың жеке спорттық жабдықтары ұсынылып отыр. Атап айтқанда, экспозицияға Олимпиада аңыздары – В. Смирнов, Б. Саттарханов, Б. Артаев, С. Сәпиев, А. Винокуров, Д. Тен, О. Рыпакова, Г. Головкин және Е. Сметовтің спорттық жолын айшықтайтын фотосуреттер мен бірегей жәдігерлер қойылған.
Көрме кеңістігі спорттық атмосфераны ерекше сезіндіретін дизайнмен безендірілген. Күрес кілемі және бокс рингі стилінде жасалған аймақтар экспозицияның мазмұнын толықтыра түседі. Ал цифрлық бөлімде нейрожелілік технологиялардың көмегімен олимпиадалық дипломдардағы ежелгі құдайлар мен спортшылардың бейнелері «жанданып», келушілерді Олимпиада тарихымен заманауи форматта таныстырады.
Экспозицияның басты ерекшелігі – олимпиадалық қозғалыс тарихын қамтитын бірегей көшпелі жоба. В. Потаниннің Олимпиадалық коллекциясы бұған дейін Мәскеу, Сочи және Бейжің қалаларында, сондай-ақ II Еуропа ойындары күндері Минскіде, БРИКС ойындары аясында Қазан мен Петербург халықаралық экономикалық форумы кезінде Санкт-Петербургте көрсетілген болатын.
Бұл жәдігерлер Олимпиада ойындарының тарихын ғана емес, әр кезеңнің өнері мен эстетикасының даму ерекшеліктерін де паш етеді.
Көрме 2026 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады.