«Керемет жібек: Қытайдың заманауи жібек өнері» көрмесі

Ұлттық музейде Қытай Жібек музейі, Хучжоу музейі және Тұрпан музейімен бірлесіп ұйымдастырылған «Керемет жібек: Қытайдың заманауи жібек өнері» атты халықаралық көшпелі көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Көрме Қытайдың бай жібек мәдени мұрасын, дәстүрлі қолөнердің көркемдік ерекшеліктерін әрі заманауи жібек өнерінің даму бағыттарын таныстырады. Экспозицияға сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің, суретшілер мен сән дизайнерлерінің 100-ге жуық туындысы қойылған. Келушілер дәстүрлі жібек тоқу, кестелеу, бояу әрі көркем баспа жасау өнерінің үздік үлгілерімен қатар, көне қолөнердің заманауи шығармашылық интерпретацияларымен де таныса алады.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қатысып, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.

Құттықтау хатта мәдениеттің халықтарды жақындастырып, өзара түсіністік пен сенімді нығайтатын, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатын маңызды күш екені атап өтілді. Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытайды ғасырлар бойы қалыптасқан достық қарым-қатынас әрі Ұлы Жібек жолының ортақ тарихи мұрасы байланыстыратыны, бүгінде екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілгені айтылды.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және Қытай Халық Республикасының Тұрпан музейі арасында өзара түсіністік әрі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум музей ісі саласындағы ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға, бірлескен көрме мен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, музей мамандарының тәжірибе алмасуына, бұған қоса мәдени мұраны сақтау, зерттеу және дәріптеу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

Сонымен қатар, іс-шара аясында Қытайдың жібек өнері әрі дәстүрлі қолөнеріне арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, дәстүрлі ән мен би орындаушыларының мерекелік бағдарламасы жиылған қауым назарына ұсынылды.

Көрме биылғы 20 қыркүйекке дейін жалғасады.