«Исатай Исабаев. Мұра» көрмесі

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде көрнекті график-суретші Исатай Исабаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Исатай Исабаев. Мұра» атты көрме ашылды.

Көрменің ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрлігі мен дипломатиялық корпус өкілдері, еліміздің саяси және мәдени өнер қайраткерлері, суретшілер қауымдастығының өкілдері мен Исатай Исабаевтың отбасы мүшелері қатысты.

Іс-шарада Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талап ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқыды. Хатта «Исатай Исабаев – ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, шығармашылығы арқылы халқымыздың рухани болмысын терең таныта білген бірегей тұлға. Суретшінің мол мұрасы – ұлттық мәдениетіміздің алтын қорындағы асыл қазыналардың бірі» делінген.

Исатай Исабаевтың қызы Әлия Исабаева көрменің Астанада алғаш рет ұйымдастырылғанын айтып, Ұлттық музейге алғысын білдірді. Ол әкесі туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, суретшінің қазақ елін шығармашылығы арқылы бүкіл әлемге танытқанын атап өтті. Оның айтуынша, Исатай Исабаевтың шығармаларында көркем иллюстрация арқылы қазақ халқының тұрмысы мен дәстүрлері, эпос және фольклор әлемі терең әрі әсерлі бейнеленген, бұған қоса қазақтың ұлы ақын-жазушыларының кітаптарына жасалған туындылар да көптеп кездеседі.

Шарада Астанадағы Суретшілер одағы филиалының төрағасы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Төлеуғазы Байғалиев, өнертунашы, ЮНЕСКО жанындағы халықаралық өнертанушылар қауымдастығы мүшесі Элизавета Ким сөз сөйлеп, Исатай Исабаев пен оның шығармашылығы туралы жылы лебіздерін білдірді.

Экспозицияда суретшінің 80-нен астам графикалық туындысы, қылқалам шеберінің отбасы қоры және Ұлттық музей қорынан алынған жұмыстар, сондай-ақ сирек қойылатын түпнұсқа баспа қалыптары – мырыш, линолеум мен шамшат материалдарынан жасалған матрицалар ұсынылған. Көрме 26 маусымға дейін жалғасады.

Сонымен қатар, «Исатай Исабаев: көркем, мәдени және институциялық мұра» атты гибридті форматтағы халықаралық дөңгелек үстел өтіп, суретші туралы естеліктер айтылып, оның ғылыми еңбектері мен көркем туындылары жайлы сөз қозғалды.

Ауқымды іс-шараға өнер, мәдениет және музей ісі саласындағы халықаралық сарапшылар, дипломаттар мен Литва, Германия, Англия, Америка суретшілері қатысты.