Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Таңбалы музей-қорығымен бірлесіп ұйымдастырылған «Таңбалы: Бабалар коды» көрмесі ашылды.
Іс-шараға танымал археологтар, мәдениет қайраткерлері, ғылыми қауымдастық өкілдері, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.
Көрме Қазақстан мен Орталық Азиядағы жартас өнерінің аса маңызды ескерткіштерінің бірі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Таңбалы археологиялық ландшафты петроглифтерін заманауи өнер призмасы арқылы жаңаша пайымдауға арналған.
Ашылу рәсімінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Азамат Жолаев сөз сөйлеп, Таңбалы петроглифтері халқымыздың сан ғасырлық рухани мұрасы әрі бабалар аманаты екенін атап өтті.
Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева көрменің басты ерекшелігіне тоқталып, Таңбалы мұрасын заманауи технологиялар, фото және бейнематериалдар арқылы жаңа форматта ұсынудың маңызын атап өтті.
Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев Таңбалының Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзат мәдени мұрасының маңызды бөлігі екенін атап өтті.
«Таңбалы – халқымыздың тарихы әрі мәдениетін әлемге танытатын ерекше ескерткіш. Ол 1957 жылы ғылыми тұрғыда ашылған күннен бастап зерттеушілердің жіті назарында. Бүгінде де бұл нысанның ғылыми әлеуеті толық ашылды деуге болмайды. Алдағы уақытта тастағы бейнелердің мазмұнын терең зерттеу жұмыстары жалғасады. Сондықтан жыл өткен сайын Таңбалының ғылыми құндылығы артып, отандық ғылымның мәртебесін көтеретін маңызды нысандардың бірі бола береді», – деді ғалым.
Жоғары сапалы фотожабдықтар мен авторлық түсірілім тәсілдері арқылы дайындалған 14 фотокартина келушілерге Таңбалының тылсым атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Көрме 2026 жылғы 4 шілдеге дейін жалғасады.