Музей қызметкерлері марапатталды

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қабырғасында Халықаралық музейлер күні мен Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында музей ұжымының кәсіби еңбегі жоғары бағаланып, бірқатар қызметкер мемлекеттік және салалық наградалармен марапатталды.

Осы айтулы мерекелерге орай ұйымдастырылған ресми шарада ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музейдің Көркем безендіру және дизайн бөлімінің жетекшісі Нұра Бимұрзаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалін салтанатты түрде табыстады.

Музейде өткен мерекелік жиында өзге де қызметкерлерді музей директоры Берік Әбдіғалиұлы марапаттады. Директордың қолынан Карина Шерьязданова мен Мөлдір Сералиева Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан Райхан Мұқатаева «Еңбек ардагері» төсбелгісімен наградталды.

Музейдің бірқатар қызметкеріне музей директорының атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар да табысталды.

Әріптестерімізді лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, толағай жетістіктер әрі жаңа белестер тілейміз!