Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде халықаралық «Жапон көктемі» өнер фестивалі аясында әлемге танымал жапон мангакасы Каору Моридің «Орталық Азия асханасы» атты көрмесі ашылды. Жоба Degdar гуманитарлық қорының ұйымдастыруымен, JTI Kazakhstan қолдауымен жүзеге асырылды.
«Орталық Азия асханасы» атты манга көрмесі 2004 жылы Жапония үкіметі мен Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан арасында құрылған «Жапония + Орталық Азия» диалогының 10 жылдығына орай әзірленген.
Ұлттық музей директорының орынбасары Ақмарал Ибраева аталған көрме салт-дәстүр әрі әдет-ғұрыпты тамақ өнерімен ұштастырып, әр халықтың өзіндік эстетикалық талғамын көрсететін ерекше көрмелердің бірі екенін айтты.
«Жапон көктемі» фестивалі – бұл өнер тіліндегі дипломатия, ол мемлекеттер арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді. Көрмені ұйымдастыруға көмектескен Ұлттық музейге алғыс айтамыз, деп толықтырды Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ясумаса Ииджима.
Елшінің айтуынша, бұл – жапон суретшісі Каору Моридің атақты мангасының Астанадағы Ұлттық музейдегі екінші көрмесі. Манганы бүкіл Жапония халқы, оқушылардан бастап премьер-министрге дейін оқиды. Манга – заманауи Жапония мәдениетінің символдарының бірі. Бүгін бұл жанр бүкіл әлемді бағындырды.
«Манга кейіпкерлері – диалогқа қатысушы елдердің қыздары жапон құрбысын өздерінің асханасымен таныстырып, ең танымал ұлттық тағамдар әрі оларды дайындау ерекшеліктері туралы әңгімелейді. Тағам дайындау тәсілдерінің толық және қызықты берілуінің арқасында манганы көркем шығарма ғана емес, өзіндік аспаздық кітап ретінде де қабылдауға болады», – деді дипломат.
Аталған фестивальдің көркемдік жетекшісі, белгілі музыкант, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тимур Курманчиевтің мәліметінше, фестивальдер Қазақстандағы әрі Орталық Азия елдеріндегі Жапония мәдениетіне арналған ең ірі және ең ұзақ мерзімді шараларға айналды. Көрменің ашылу салтанатына жиналған қауым өнерпаздардың би мен хор өнерлерін тамашалай алды.