Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі Аналар күніне орай «Қолөнер ғаламшары» үйірмесі аясында «Анамның аялы алақаны» атты аппликация жасау сабағын өткізді. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, анаға деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін қалыптастыру, сондай-ақ қолөнер арқылы эстетикалық тәрбие беру.
Сабаққа Ы. Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясының оқушылары және «Береке» әлеуметтік орталығынан ерекше білім беруді қажет ететін балалар қатысты.
Шара барысында қатысушыларға аппликация жасаудың негізгі кезеңдері мен жұмыс тәсілдері таныстырылды. Одан кейін оқушылар түрлі-түсті қағаздар әрі сәндік материалдарды пайдаланып, аналарына арнап шығармашылық жұмыстар дайындады.
Сабақ кезінде балалар бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасап, топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытты. Шығармашылық тапсырмалар олардың өз ойын еркін жеткізуіне, эмоцияларын өнер арқылы көрсетуіне әрі өздеріне деген сенімін арттыруға ықпал етті. Сонымен қатар, іс-шара ерекше білім беруді қажет ететін балалардың әлеуметтік бейімделуіне оң әсер етіп, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.