Балдырған гидтер экскурсия жүргізді

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне орай «Балдырған гид» іс-шарасы өтті.

Жобаға Астана қаласындағы №47 «Ақ желкен», №9 «Нұр Шашу» мен «Шағала» балабақшаларынан келген 4-6 жас аралығындағы болашақ экскурсия жүргізушілері қатысты.

Шараны ашқан ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Ақмарал Ибраева барша жиналған қауымды Халықаралық музейлер күнімен құттықтай келе, «Балдырған гид» жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жоба екенін еске салды. «Біздің кішкентай балапандарымыз елімізді көркейтіп, өркендетуге өз үлестерін қосып жатыр», деп толықтырды Ақмарал Ғосманқызы.

Бүлдіршіндер Айсәуле Ғалымова, Нұрсая Қазбек, Аңсар Чигенов, Ибраһим Амангельдиев, Еркежан Марғұлан, Көзайым Кемелбек, Абулхаир Жаналиев, Әлихан Мұратхан, Құдірет Сембек, Інжу Мұратбек музей залдары бойынша қызықты экскурсия жүргізді. Экскурсияны Атриумнан бастаған балғындар Палеонтология залы, Алтын зал, Алтын зал-2 залдарындағы экспонаттармен таныстырып, қызықты мәліметтермен бөлісті. Мәселен, кішкентай гидтер динозаврлар, тираннозаврлардан бастап Алтын адам, Сармат көсемі және Тақсай ханшайымы туралы қазақша және орысша еш мүдірмей баяндап берді.

Жобаны үйлестіруші Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің әдіскері Айгүл Рахтаеваның айтуынша, аталған іс-шара Ұлттық музейде тұңғыш рет 2022 жылы Балалар жылына орай өз жұмысын бастаған еді.

«Шараның мақсаты – Қазақстан тарихынан хабар бере отырып, бүлдіршіндердің тарихқа деген қызығушылығын ояту, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, жас ұрпақ бойындағы шығармашылық белсенділікті арттыру мен экскурсиялық қызметті игеру», – деді Айгүл Нүриденқызы.

Балғындар, олардың ата-аналары мен тәрбиешілер ҚР Ұлттық музейіндегі іс-шара үшін алғысын білдіріп, бұл шараның балалардың білімін арттырып, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға зор ықпал ететінін жеткізді.

Жоба соңында бүлдіршіндер және тәрбиешілер алғыс хаттармен әрі кішігірім сыйлықтармен марапатталды.