Ұрпақтарға ұран болған – Ұлы Жеңіс

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «ХІІІ-ХХ ғғ. Қазақстан тарихы» залында Жеңістің 81 жылдығына орай «Ұрпақтарға ұран болған – Ұлы Жеңіс» атты тақырыптық экскурсия апталығы өткізілді.

Экскурсия барысында қатысушылар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесімен, майдан даласындағы жауынгерлердің ерлігімен және тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегімен танысты.

Экспозицияда ұсынылған тарихи құжаттар, фотосуреттер, майдангерлердің жеке заттары, марапаттары әрі соғыс кезеңінен сыр шертетін құнды жәдігерлер арқылы келушілерге Ұлы Жеңістің тарихи маңызы кеңінен түсіндірілді.

Тақырыптық экскурсияда еліміздің соғыс жылдарындағы өндірістік қуаты, ауыл шаруашылығындағы еңбегі, сондай-ақ мәдениет пен өнер өкілдерінің рухани қолдауы ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, халықтың бірлігі, қайсарлығы және Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі Жеңіске жетудің басты негіздерінің бірі болғаны баяндалды.

Экскурсия апталығының негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа бейбіт күннің қадірін ұғындыру, ел қорғаған батырлардың ерлігін дәріптеу, тылда аянбай еңбек еткен азаматтардың өнегесін насихаттау әрі тарихи жадыны жаңғырту.