Жас археологтар квест-ойынын өткізді

Ұлттық музейде «Жас археолог» үйірмесінің квест-ойыны өтті. Бұл іс-шара оқушыларға археология саласының қыр-сырын таныстырып, көне жәдігерлерді зерттеу әдістерімен таныстыру, сондай-ақ логикалық ойлау, топпен жұмыс істеу және танымдық белсенділіктерін арттыруға бағытталды.

«Ежелгі және ортағасырлар тарихы» залында өткен шарада үйірме жетекшісі археолог Сүлейман Тілекишев оқушыларға археология білім саласы мен қазба жұмыстары жөнінде қысқаша ақпарат беріп, жәдігерлер жөнінде сұрақтар қойды. Қазба жұмыстары кезіндегі қолданылатын құрал-саймандарынан бастап, жәдігерлердің музей қорына қабылдануға дейінгі аралықтағы жұмыстары туралы айтты.

Квест-ойын «Археолог деген кім?», «Сынықтарды жина» дидактикалық ойыны, «Не артық?» қимыл ойыны әрі «Шындық. Өтірік» бөлімдері бойынша өтті. Балалар суретте бейнеленген жәдігерлерді тауып, ұжымдық жұмыстарды белсенді орындады.

Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің «Жас археолог» үйірмесі аясында ұйымдастырылған квест-сабақ археология саласына қатысты мазмұнды тапсырмалар мен танымдық ойындар арқылы балалардың қызығушылығын арттырып, олардың тарихи ойлау қабілетінің дамуына ықпал етеді. Квест барысында оқушылар ізденіс жүргізіп, археологиялық деректермен танысып, өткен дәуірлердің құпиясын ашуға талпынды.