Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау саласындағы заңнамалық өзгерістер және оларды іске асыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар археологиялық әрі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың сапасын арттыру, саладағы жауапкершілікті күшейту, ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету, лицензиялау мен цифрландыру мәселелерін талқылады.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының, Ұлттық музейдің, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның өкілдері, облыстық мәдениет басқармаларының басшылары, сала мамандары әрі сарапшылар қатысты.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға енгізілген өзгерістер 2025 жылдың 26 желтоқсанында Мемлекет басшысының археология саласын ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында қабылданды.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов өз сөзінде бұған дейін бұл салада лицензия беру тәртібі, қазба жұмыстары мен табылған жәдігерлерге қатысты бірыңғай дерекқордың жоқтығы, сондай-ақ археологиялық материалдарды есепке алу әрі тапсыру ісінде бірқатар олқылық болғанын атап өтті. Енгізілген өзгерістер талапты күшейту үшін емес, ұлттық құндылықтарды қорғауға, тарихи мұраны сақтауға және ғылыми негізге сүйенген тәсілдерді орнықтыруға бағытталған.
Енді археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар жеке-жеке лицензия негізінде жүргізіліп, лицензия 5 жыл мерзімге беріледі.
Жаңа жүйенің өзекті тетіктерінің бірі – Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты негізінде Ұлттық археологиялық қызметтің құрылуы. Бұл құрылым археологиялық жұмыстардың барысын қадағалап, ғылыми-әдістемелік тұрғыдан бағыт-бағдар беріп, жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін жүйелейді, бұған қоса Бірыңғай ақпараттық жүйенің жұмысын қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, археологиялық олжа мен материалдарды жинақтайтын Ұлттық қор құру, жекелеген жәдіргерлерді мемлекеттік музейлерге өткізу тәртібін реттеу, сонымен қатар жоспарлы әрі жоспардан тыс жұмыстарды нақтылау мәселелері де сөз болды.