Қазақстан мен Польша музейлерінің бірлескен көрмесі өтеді

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы мен Польшаның Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейі директоры Рафал Внук екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұл кездесу екі елдің жетекші музейлері арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге шығарады. Тараптар мәдени және ғылыми әріптестікті дамыту, тәжірибе алмасу әрі бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру бағыттарын талқылады. Қол қойылған меморандум осы жұмыстарды жүйелі түрде іске асыруға негіз болады.

2026 жылдың қыркүйегіне жоспарланған бірлескен көрме Қазақстандағы Польша Республикасының Елшілігі мен Сібір жады музейімен серіктестікте ұйымдастырылады. Жоба ХХ ғасыр тарихын тереңірек зерделеуге және тарихи жадты кең аудиторияға ұсынуға бағытталған.