Инклюзивті би: Ресейлік хореографтар шеберлік сабағын өткізді

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Ресейдің «Inclusive Dance» халықаралық фестивалінің бас хореографы Наталья Головкина хореографтарға арналған инклюзивті би және би арқылы оңалту бойынша шеберлік сабағын өткізді. Бұл іс-шара жақында музейде ашылған «Мейірім» балалар шығармашылығының VIII инклюзивті музейлік фестивалі аясында ұйымдастырылды.

Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Бибігүл Арыстанбекованың айтуынша, шеберлік сабағына 30-ға жуық хореограф қатысып, инклюзивті би өнерінің қыр-сырын үйренді.

«Бұл – біліктілікті арттырудың тамаша мүмкіндігі. Бұған қоса, айта кететін бір жайт, біз биыл фестивальді бірінші рет би форматында өткіздік. Осыған дейін бұл шараны 7 рет шеберлік сабағы форматында өткізген едік. Кеше көптеген өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды», – деді Бибігүл Төлегенқызы.