Ұлттық музейде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Инклюзивті би: тең мүмкіндіктер алаңы» тақырыбындағы «Мейірім» балалар шығармашылығының VIII инклюзивті музейлік фестивалі өтіп жатыр.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын фестивальдің басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік-мәдени бейімделуіне қолдау көрсету, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, таланттарын ашу әрі қоғамда тең мүмкіндіктер құндылықтарын насихаттау.
Биылғы фестивальге Астана қаласы мен еліміздің өңірлерінен 140-тан астам өрен қатысты. Қатысушылар қатарында әлеуметтік орталықтар, қоғамдық қорлар, арнайы мектептер әрі шығармашылық ұжымдар бар. Атап айтқанда, Ақтау қаласынан «Жарқын DAMU», Қарағанды қаласынан «Батыл жүрек» инклюзивті ұжымдары арнайы келіп, өз өнерлерін паш етті.
Сахна төрінде қазақ және әлем халықтарының билері, заманауи хореографиялық қойылымдар, сән театрларының көрсетілімдері мен ерекше шығармашылық нөмірлер ұсынылды. Әр қатысушы өз өнерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шараға Сенат депутаттары Есбол Амангелді және Әсем Рахметова қатысып, фестивальдің қоғам үшін маңызына ерекше тоқталды.
– Инклюзивті дамуға қатысты мәселелер қаншалықты жиі көтерілсе, соншалықты көп күш-жігер мен осындай маңызды алаңдар қажет. Қазіргі таңда Парламентте ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту әрі оларды жан-жақты қолдауға бағытталған кешенді заң жобасы әзірленуде, – деді Әсем Қалашбайқызы.
Фестивальдің құрметті қонағы, Ресейдегі Inclusive Dance халықаралық қозғалысының негізін қалаушы Леонид Тарасов аталмыш шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен демеушілер қатарында «BAZIS-А» холдингтік компаниясы» ЖШС-нің персоналды басқару жөніндегі директоры Гульмира Хаирова, «Ақниет» қорының атқарушы директоры Баян Шаяхметова, «СпецТреид ТМ» ЖШС, «Тәп-тәтті» және «Мармеладка» кондитерлік желілері, сондай-ақ «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры бар.
Атымтай жомарт жандардың жанашыр қолдауы мен жоғары әлеуметтік жауапкершілігі фестиваль қатысушыларына зор қуаныш сыйлап, ерекше балалардың шығармашылығын дамытуға айтарлықтай үлес қосты.