Ғылым қызметкерлері күні аталып өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне арналған дөңгелек үстел және ғылыми каталогтың тұсаукесер рәсімі өтті. Кәсіби мереке Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың туған күніне орай белгіленген.

Дөңгелек үстел «Ұлттық құндылықтарды зерттеудегі музей мен ғылым сабақтастығы» тақырыбында болды.

Бұған қоса, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандарымен бірлесе дайындалған «Ұлттық музей жинақтарындағы көне және ерте орта ғасырлар қару-жарағы» атты ғылыми каталогының тұсауы кесілді. Бұл басылым – тас, қола, ерте темір мен түрік дәуірлеріне тиесілі бірегей жауынгерлік сауыт-саймандарды жүйелі сипаттайтын құнды еңбек.

ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, т.ғ.д., профессор Ақмарал Ибраева модератор болған іс-шара барысында бірқатар ғалым баяндама жасап, қатысушылар өзара пікір алмасты.

Шараға академиялық қауым өкілдері, археологтар, тарихшылар, антропологтар, этнографтар, мәдениеттанушылар, музей мамандары, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар және жергілікті басқару құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарының мамандары қатысты.

Іс-шара нәтижесінде археология мен қоғамдық ғылымдар арасындағы пәнаралық байланыстар нығайтылып, тарихи-мәдени мұраны сақтау әрі насихаттаудың жаңа ғылыми тәсілдері ұсынылды.