Жозеф-Антуан Кастаньенің 150 жылдығы аталып өтті

ҚР Ұлттық музейінде Жозеф-Антуан Кастаньенің (1875-1958 жж) туғанына 150 жыл толуына орай «Жозеф-Антуан Кастанье және Қазақ даласының көне жәдігерлері» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның шымылдығын ашқан Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы Кастаньенің француз халқынан шыққан бірегей ғалым, өлкетанушы екенін атап өтті. Ол ғалымның Орынбор музейінде қор сақтаушы болып қызмет атқарғанын, сондай-ақ Ресей география қоғамы құрамында Ташкентке жасаған сапарлары барысында Қазақ даласы мен Орынбор өңірінің тарихына қатысты тың деректерді анықтағанын айтты.

Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға ғалымның «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» және басқа да түпнұсқа еңбектері таныстырылды.

Дөңгелек үстелде сөз алған Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев Жозеф-Антуан Кастаньенің музей ісі мен отандық ғылымға қосқан үлесіне тоқталып, жоғары оқу орнында оның еңбектері жөнінде кеңінен оқытылатынын жеткізді.

Сондай-ақ, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Әлішер Беспалинов ғалым зерттеп қалдырған мұраның ғылыми құндылығы жөнінде өз ойымен бөлісті.

Жиын соңында қатысушылар Жозеф-Антуан Кастаньенің еңбектерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.