Жаңа этнография залы өз жұмысын бастады

2025 жылғы 16 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде екінші этнография залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бүгінгі күнге дейін музейде этнография залы жұмыс істеп тұрғанымен, экспозициялық алаңдардың жеткіліксіздігі салдарынан коллекцияның бар байлығын толық көрсету мүмкін болмады. Сол себепті алғаш рет зергерлік әшекейлер, кілемдер, ұлттық киімдер және қазақтың дәстүрлі мәдениетіне тән басқа да құнды заттар толық көлемде ұсынылатын жеке зал ашу туралы шешім қабылданды.

Этнографиялық мұра – бұл өткеннің естелігі ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының рухани әлемін, дәстүрлері мен көркемдік талғамын айқындайтын ұлттық бірегейліктің қайнар көзі. Жаңа зал – музей коллекциясының ең үздік экспонаттары кең аудиторияға ұсынылатын бірегей мәдени кеңістікке айналады.

Зал экспозициясында көрермендер назарына қазақ халқының, сонымен қатар Орталық Азия халықтарының XIX-XX ғасырлардағы зергерлік әшекейлері, кілем түрлері, дәстүрлі киім үлгілері, киізден жасалған үй бұйымдары ұсынылған. Халқымыздың ұлттық әшекейлері зергерлік өнер шеберлерінің баға жетпес үздік туындылары саналады. Оларды әсемдік үшін ғана емес, тылсым күштерден қорғану үшін де таққан. Әшекей бұйымдардың пішіні мен ою-өрнегі ғана емес, материалы да айрықша мән-мағынаға ие. Материалдар мен оны көмкеруші тастарды таңдағанда олардың табиғи әсемдігімен қатар емдік қасиеттеріне баса назар аударылып отыр.

Ерекше назар кілем тоқу өнеріне және киіз бұйымдары – сырмақ пен текеметке аударылды. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген бұл қолөнер түрлері халықтың этникалық ерекшелігі мен дүниетанымын айшықтайды.

Залда ер жігіт пен әйелдің, қалыңдық пен күйеу жігіттің ұлттық киім үлгілері қойылған. Қазақтың халықтық болмысын, ою-өрнек әшекейінің әр алуан үлгісін ұлттық киімнен көріп тануға болады. Сонымен бірге, экспозицияда үй жиһазы (сандық, кебеже, асадал, т.б.) мен тұрмыстық бұйымдар көрсетілген. Келушілер назарына жалпы саны 258 жәдігер ұсынылды.

Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде музей қорында аса құнды қолөнер бұйымдары мол екенін, оның ішінде ұлттық киіз бұйымдары – кілемдер мен сырмақтар ерекше орын алатынын атап өтті. «Біздің басты мақсатымыз – осы асыл мұраларды көпшілікке кеңінен таныстырып, халқымыздың мәдени байлығын дәріптеу. Қорымызда екі жарым ғасырлық тарихы бар жәдігерлер бар. Соларды тұрақты түрде көрсетіп, болашақ ұрпаққа жеткізу – музейдің ең басты миссиясы. Қазіргі таңда көршілес елдерде тек қолөнерге, кілем тоқу дәстүріне арналған жеке музейлер жұмыс істейді. Біз де өз ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, халыққа ұсынуды басты міндетіміз деп санаймыз», – деді музей басшысы.

Сондай-ақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультеті «Археология және этнология» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Зылиха Өмірбекқызы Ибадуллаева мен доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Сәкен Зейноллаұлы Раздықов көрме аясында музей қызметкерлерінің атқарып жатқан еңбегін ерекше бағалады. «Осындай ауқымды әрі маңызды еңбекте музей мамандарының үлесі зор. Ұлттық мұраны сақтау және таныстыру – халықтың тарихи жадын жаңғыртып, мәдени мұраның сабақтастығын қамтамасыз етеді. Көрме жұмысына сәттілік тілейміз», – деп атап өтті ғалымдар.

Бүгінде Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері көне дәстүрлерді сақтай отырып, жаңа даму көкжиектерін ашып, жаңа өрлеу кезеңін бастан өткеріп жатыр. Этнография залының ашылуы мен баспасөз турының өтуі ұлттық мұраны дәріптеу мен халықтың мәдени жадын сақтауға бағытталған маңызды қадам болмақ.