Ұлттық музейде корей дәстүрлі киімін таныстыратын көрме ашылды
2023 жылғы 5 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы мәдени алмасу жылы аясында ҚР Ұлттық музейінде корей суретшіcі У Наённың «У Наёнмен Қазақстанда кездесу: ертегілердегі ханбок» атты көрмесі ашылды.
ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Айбек Сыдыков Қазақстан мен Кореяның арасындағы, оның ішінде мәдениет саласындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, көрменің жұмысына сәттілік тіледі.
Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэик келген қонақтар мен Ұлттық музей қызметкерлеріне алғысын білдіріп, корей мәдениетімен жақынырақ танысу үшін көрмені тамашалауға шақырды.
У Наён Қазақстанға келгеніне және Ұлттық музейде көрмесінің ұйымдастырылуына қатысты қуанышымен бөлісті.
Суретші-иллюстратор У Наённың өнер әлемінде алатын орны ерекше. Оның иллюстрациялары «ханбок» киіміне негізделіп, дәстүрлі элементтерді қамтиды. Суретші дәстүрлі қоғам мен қазіргі заманды, сондай-ақ шығыс пен батыс бейнелерін шебер үйлестіреді.
Көрмеге жалпы саны 24 жұмыс қойылды. Шебердің туындыларында ханбоктың әдемілігі кейіпкерлердің сұлулығымен үйлесіп, көрерменді сүйікті ертегілерге жетелейтін тәрізді.
Бұл көрменің тағы бір ерекшелігі – суретшінің «Ер Төстік» ертегісіне негізделген жұмысын ұсынуы. Бұл туынды екі ел арасындағы мәдени алмасу жылы аясында арнайы салынған. Шығармада суретші қазақ ертегісі мен дәстүрлі корей мәдениетін сабақтастыра отырып, кейіпкердің жолында кездескен қиындықты қажымас күш-қайраттың арқасында жеңгенін бейнелейді.
Көрмеде Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығы ұсынған экспонаттарды көруге болады: дәстүрлі киім, зергерлік бұйымдар мен аксессуарлар.