Ұлттық музей Шанхайдағы M20+ конференциясына қатысты

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы Шанхай музейінде өтіп жатқан M20+ халықаралық музей конференциясына қатысты.

Айтулы шарада «Қазақстанның Ұлттық музейі: мұраны сақтаудан халықаралық әріптестікке дейін» тақырыбында баяндама жасаған музей басшысы мекеменің халықаралық қызметі, шетелдік көрме жобалары, бірлескен ғылыми зерттеулері мен кәсіби ынтымақтастық бағыттары туралы кеңінен ақпарат берді.

Метрополитен музейі, Британ музейі, Рейксмюзеум, Бранли музейі, Прадо ұлттық музейі және Қытайдың жетекші музейлерінің басшылары мен өкілдері қатысты. Жиын барысында музейлердің халықаралық мәдени диалогты дамытудағы рөлі, кәсіби байланыстарды нығайту, сондай-ақ дәстүрлі музей құндылықтары және заманауи тәжірибені ұштастыру мәселелері талқыланды.

Естеріңізге сала кетеміз, Қытаймен музейаралық ынтымақтастық аясында ҚР Ұлттық музейінде терракота әскері мен жібек өнеріне арналған үш көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы Қытайдың Шэньси провинциясының тарих музейінде, Тяньцзинь музейінде және Қытай ұлттық музейінде көпшілік назарына ұсынылды.

Қос ел арасындағы ынтымақтастық көрме алмасумен ғана шектелмейді. Бұл бағытта Қытай ұлттық музейімен, Қытай ұлттық жібек музейімен және Шанхай музейімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Ал биылдан бастап Қытай ұлттық музейімен бірлескен археологиялық зерттеулер жүргізілуде. Оның барысында қола дәуіріне жататын бес мыңнан астам археологиялық олжа жиналды.

Бұл бастамалар Қазақстан мен Қытай музейлері арасындағы әріптестіктің жаңа деңгейге көтеріліп, көрме алмасудан ортақ ғылыми зерттеулерге, тәжірибе алмасуға және ұзақ мерзімді кәсіби ынтымақтастыққа ұласып келе жатқанынының дәлелі.

Сонымен қатар Гонконг сарай музейінің директоры Луис Нг мырзамен кездесу барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен аталған музей арасында болашақта бірлескен көрмелер ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша осы бағытта келіссөздер жүргізіп, екі музей арасындағы мәдени және кәсіби ынтымақтастықты дамыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Өзара келісім Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың музей мекемелері арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндіктердің ашылуына жол болмақ.