Афиша

Äiel Tizginde көрмесі

Äiel Tizginde көрмесі
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2026 жылғы 7 наурыз мен 25 наурыз аралығында қазақстандық Allur автокөлік  компаниясының бастамасымен жүзеге асырылған «Äiel Tizginde» көркем жобасының көрмесі өтуде.

Экспозиция заманауи қоғамдағы әйел рөлін көркемдік тұрғыдан пайымдауға және оның мәдени әрі әлеуметтік үдерістердегі орнын ашуға арналған. Көрме қазақ әйелін дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, қоғам дамуына ықпал ететін жасампаз күш ретінде танытады. Заманауи өнер тілі арқылы жоба әйел болмысына қалыптасқан көзқарастарды қайта қарастырып, көшбасшылық, жауапкершілік, таңдау еркіндігі және ішкі тұрақтылық тақырыптарын ашады.

Экспозиция кескіндеме, фотография, сондай-ақ мультимедиялық және интерактивті көркем шешімдерді біріктіреді.

Äiel Tizginde жобасы 2024 жылы әйелдердің кәсіби жетістіктері мен өмірлік тәжірибелерін көрсетуге бағытталған шығармашылық бастама ретінде қолға алынған. Уақыт өте келе жоба қазақстандық суретшілер мен шығармашылық индустрия өкілдерін біріктіретін ауқымды көркем платформаға айналды. 2026 жылы жоба республикалық шығармашылық байқау форматында жүзеге асып, еліміздің түрлі өңірлерінен келген суретшілер мен фотографтарды біріктірді. 

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіндегі көрме жобаның жаңа даму кезеңін айқындап, өнердің қоғамдағы өзекті құндылықтарды пайымдаудың және мәдени диалог қалыптастырудың маңызды құралы екенін көрсетеді.