Ұлттық музейде Суретшілер одағының мерейтойлық көрмесі ашылды

2023 жылғы 13 желтоқсан күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық музейде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының 90 жылдық мерейтойына арналған «1933-2023. Қазақстан Республикасының Суретшілер одағына 90 жыл!» атты Халықаралық көрменің ашылуы мен дөңгелек үстел өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадіров өзінің жылы лебізін білдіріп, министр Аида Балаеваның құттықтау сөзін жеткізді. Аида Ғалымқызы: «Қазақстан Суретшілер одағы суретшілерімізді ел ішінде және шетелде насихаттап жүрген шығармашылық ұйымдардың бірі де бірегейі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып қылқалам шеберлеріне шығармашылық жетістік, мол табыс, шабыт тілеймін!» Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Өмірбек Жұбаниязов: «Бұл жыл – біз үшін ерекше жыл. Одақтың 90 жылдық мерейтойына куә болып жатқанымызға қуанышымыз шексіз. Бұл көрменің басты ерекшелігі – 10 мемлекет қатысып, бізге қолдау көрсетіп отырғаны. Осы шетелдік суретшілердің шығармалары ҚР Ұлттық музейі мен Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайының қорларына тапсырылады. Барлық әріптестерге, Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Ұлттық музей ұжымына, Астана Суретшілер одағына алғысымды білдіремін». Мәдениет саласының үздігі, көрме кураторы Гүлнар Жуваниязова: «Суретшілер одағының 90 жылдық мерейтойы 1 жылдың ішінде әр облыста аталып өтті. Бүгін біз осы өткен іс-шаралардың қорытындысы ретінде Одақтың 90 жылдық жұмысының нәтижесін паш ететін көрмеге жиналып отырмыз. Көрмеге ата буын, орта буын мен жас суретшілердің жұмыстары қойылып, Одақтың тарихынан сыр шертеді». Көрмеге жергілікті және шетелдік 226 шебердің 270-тен астам туындылары қойылды. Олар: кескіндемелік және графикалық жұмыстар, мүсін, гобелен, керамика және киізден жасалған бұйымдар, кесте секілді туындылар. Әрбір картина халықтың өмірі мен тұрмысы, тәуелсіздік алғанға дейін болған оқиғалар, қазақ халқының мәдениетін дамытуға үлес қосқан не Ұлы дала тұрғындарының сан ғасырлық арманына қол жеткізуде елеулі рөл атқарған тұлғалар туралы баяндайды. Қоршаған ортаның үйлесімділігі, мифтер мен ежелгі құпиялар, қазіргі қала мен дала өмірінің тынысы, оның атмосферасы тақырыптық бағыттағы жұмыстарда көрініс тауып, осы уақытқа дейін жалғасып келеді.