Жәкен Таймағамбетов – 70 жыл: Ұлттық музейде халықаралық конференция өтті

2023 жылғы 14 желтоқсан күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ұйымдастыруымен археолог, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі, бірегей ғылыми жаңалықтардың авторы, Қазақстанның ежелгі тарихын зерттеуші ғалым Жәкен Таймағамбетовтың 70 жылдық мерейтойына орай «Жәкен Таймағамбетов және Еуразия палеолитінің мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова министр Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді. Аида Ғалымқызы Жәкен Таймағамбетовтың жас мамандар даярлаумен қатар тарихи археология саласында ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында Қазақстанның әртүрлі аймақтарында тас ғасырына тиесілі 200-ден аса ескерткіштерді зерттеп, ғылыми айналымға қосу арқылы Қазақстан тарихының тамырын тереңдеткенін атап өтті. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки министр Саясат Нұрбек атынан сөз алды. Ол Жәкен Қожахметұлының отандық ғылымның дамуына сіңірген еңбегі мен адамдық қасиеттерін жоғары бағалап, ұлтымыздың кемел келешегі үшін ұзақ жылдар бойы адал қызмет атқарғаны үшін алғысын білдірді. Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай: «Бүкіл әлемнің ғалымдары мойындап отырған алғашқы адамдардың қазақ жерінде 1 миллион жыл ббұрын пайда болғанын дәлелдеген осы Жәкен Қожахметұлы. Ол кісінің инициативасы да көп. Соның бірі – Жәкен Қожахметұлы Ұлттық музейде «Халық қазынасы» институтының негізін қалап, оны алға бастырды». Конференция барысында 4 кітаптың тұсаукесері өтті. Басылым РҒА СБ археология және этнография институты, ҚР Ұлттық музейі, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми қызметкерлері бірлесіп дайындады. Конференция жұмысына АҚШ, Жапония, Испания, Франция, Ресей, және Қырғызстан, Моңғолия, Канада, Австрия сынды мемлекеттер мен еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар офлайн және онлайн режимде қатысты. Конференцияда Еуразия палеолитінің мәселелері, Жәкен Қожахметұлының ғылымдағы жолы талқыланып, ғалымның әріптестері, шәкірттері мен достары мерейтой иесіне қатысты естеліктерімен бөлісті. Ж. Қ. Таймағамбетов Қазақстандағы тас дәуірі саласындағы жоғары білікті жалғыз маман. Оның осы бағыттағы көшбасшы екені сөзсіз. Профессор, әлемдік деңгейдегі археолог В. А. Рановтың айтуынша: «Оның (Ж. Қ. Таймағамбетовтың) жұмыстары қазақстандық палеолит зерттеушілерінің кәсіби деңгейі артып, бұл елде өзіндік мектеп құрылғанын айғақтайды». Жакен Қожахметұлы Таймағамбетов ғылымға деген ынтасы мен еңбекқорлығы арқасында Қазақстан мен Орталық Азияның ғана емес, бүкіл әлемнің тарих ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Мұның айқын бір дәлелі – BBC телерадиокомпаниясының өкілдері мерейтойлық іс-шараларға келіп, түсірілім жасауы. Бұл орайда британдық телеарна осыған дейін Жәкен Таймағамбетов экспедициясы туралы толықметражды фильм түсіріп үлгергенін айта кету керек.