Ұлттық музей қорына Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары табысталды

2023 жылғы 25 желтоқсан күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі «Джамбия» қанжарын ҚР Ұлттық музейінің қорына салтанатты табыстау рәсімі өтті. «Джамбия» қанжары жүзінің екі жағында араб әріптерімен көне түрік-осман тілінде жазылған мәтіндер бар: сол жағында «күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасұлы Мұқанға», ал оң жағында «Бізден, қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл» (Хижра жыл есептеуі бойынша 1330 жыл бұл қазіргі жыл санауына сәйкес 1912 жыл). 1909-1911 жылдары Қ.Мұнайтпасұлы ең мықты түрік балуандарымен жекпе-жекте сәтті өнер көрсетіп, түріктің ең атақты палуаны Нуруллахты жеңді. Оған тәнті болған Стамбұл қаласының хакімі Шағыр паша Қажымұқанды өзімен бірге Меккеге қажылыққа баруға шақырады. Оған келісімін берген балуан елге «қажы» деген атақпен оралады. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев: «Бүгін музей қоры құндылығы жоғары экспонатпен толығайын деп отыр. Бұл – күллі әлем мойындаған күш атасы, қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы тиесілі «Джамбия» қанжары. Бір жағынан Джамбия қанжарының өзі қолөнер туындысы ретінде құндылығы жоғары болса, ал оны араб ұсталарының Қажымұқанға арнайы жасауының өзі араб, түркі әлемінің балуанға деген жоғары құрметі деп білеміз». Қанжарды музей қорына тапсырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров: «Бүгін тарихи күн. Еліміздің біртуар азаматы, ұлы тұлғасы, палуанымыз, дарамыз Қажымұқан Мұңайтпасұлы ағамызға Стамбұл хакімі Шағыр паша сыйлаған қанжар елімізге қайтып отыр. Тәуелсіз Қазақстанға осындай жәдігерлердің оралып, еліміздің рухының көтерілуіне себепкер болатынына сенімдімін». Қанжарды салтанатты табыстау рәсіміне Қажымұқан Мұңайтпасұлының шөбересі Айкен Мұқанова, этнограф-қарутанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Қалиолла Ахметжан, қажымұқантанушы, спорт тарихшысы, журналист Қыдырбек Рысбек, «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпаздары Ержан Шынкеев, Мұхит Тұрсынов, Мақсат Исағабылов қатысты. Сонымен қатар, шара барысында Ұлттық музей қорындағы Қ.Мұңайтпасұлына тиесілі жәдігерлерден көрме ұйымдастырылды. Бүгінгі күні музей қоры қанжармен толығып, балуанға қатысты жәдігерлер саны 27-ге жетті.