2023 ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Достар, назарларыңызға Ұлттық музейдің 2023 жылы атқарған жұмысының қорытындысын ұсынамыз. Жыл бойы жалпы саны 415 іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 2 жаңа залдың ашылуы, 40 көрме, 4 конференция, 1 конгресс, 2 симпозиум, 25 дөңгелек үстел, 3 семинар, 163 музей сабақтары және тағы да басқа әр түрлі форматтағы шаралар өтті. Биыл Ұлттық музей халықаралық және республикалық деңгейдегі 40 көрме (6 – халықаралық, 34 - республикалық) өткізді. Оның ішінде Испания, Италия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінің Елшіліктерімен бірге ұйымдастырылған халықаралық көрмелерді ерекше атап өтуге болады. Музейдің ғылыми қызметкерлері 6 монография, 1 каталог, 4 жинақ, 129 ғылыми мақала жариялады. Оның ішінде халықаралық Scopus базасына кіретін 11 мақала бар. Жазғы маусымда 8 археологиялық, 3 этнографиялық экспедиция жұмыстарына қатысты. Олардың қатарында Германияның Тюбинген университетімен, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімінің Археология институтымен (Новосибирск қ.), «Отандастар қоры» КЕАҚ-пен бірлескен халықаралық экспедициялар бар. Музей қорына тұрақты сақтау үшін 1 009 бірлік зат түсті. Консервациялау және қалпына келтіру қызметінің мамандары 443 дана экспонатты қайтадан қалпына келтірді. 11 музей қызметкері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік қалпына келтіру ғылыми-зерттеу институтында, Қазан Федералды университетінде кәсіби біліктіліктерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Ғылым саласындағы тағы бір жетістігіміз - «Мәдени мұра» журналының ресми сайтының ашылуы. 20 жылдан астам тарихы бар журнал 2020 жылы мәдени-танымдық сипаттан ғылыми бағытқа ауыстырылды. 13 сәуір күні ҚР Ұлттық музейінде еліміздің ежелгі тарихын насихаттау мақсатында «Палеонтология» залы мен халқымыздың ұлттық сәндік-қолданбалы өнері мен қолөнерін сақтау, зерделеу және насихаттау мақсатында Қолөнершілер орталығы ашылды. 27 қазан күні ҚР Ұлттық музейі тарихында алғаш рет Қазақстан музей қызметкерлерінің І конгресі ұйымдастырылып, оған еліміздің 60 музейінен 200-ге жуық маман қатысты. «Музейдегі мектеп күні» пилоттық мәдени-ағартушылық жобасы жалғасын тапты. 2023 жылы жоба аясында барлығы 80 сабақ өткізіліп, 1 548 оқушы қатысты. 2023 жылы ҚР Ұлттық музейін тамашалауға келген қонақтар көбейіп, олардың саны рекордтық көрсеткішке, яғни 587 874 адамға жетті.