Тарихтан сыр шерткен көрме

2023 жылдың 25 тамызы ҚР Ұлттық музейінде қазақстандық суретші, графика шебері Батухан Байменнің «NOMAD: BLACK&WHITE» атты авторлық көрмесі ашылды.  Көрме  графика, оның ішінде линогравюраға арналып отыр. Суретшінің айтуы бойынша аталған өнер түрі елімізде даму жағынан кенже қалған. Оның себебі - линогравюра ұзақ уақыт пен қажырлы еңбекті қажет етеді. Сондай-ақ оған шыдамдылық пен креатив керек.

Көрменің мақсаты: графика, оның ішінде линогравюра мүмкіндіктерін көрсету және оны көпшілікке насихаттау.  

Көшпенділер өмірінен сыр шертетін графикалық көрмеге келген суретшілер, өнертанушылар мен көрме қонақтары автордың еңбегіне жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық көзқарастарын танытты.  

Жазушы-публицист Шархан Қазығұлов: «Үлкен масштабта ой айтатын адам. Адам мен әлемнің байланысы, қазіргі қоғам мен адам, біздің салт-дәстүр мен мәдениетіміз – Батухан Байменнің  шығармашылығының ең негізгі тақырыптары».

Суретші, профессор, PhD докторы, «Құланшы» қазіргі заман өнер орталығы кураторлық кеңесінің төрағасы, Еуразиялық өнер академиясының президенті Лейла Махат: «Туындыларына келер болсақ, жалпы графиканың ішінде гравюра – суретшілер сирек айналысатын сала. Мені таңғалдырғаны – туындылардың кеңдігі мен мағынасы. Автор өз шығармалары арқылы тұтас қоғам мен ондағы әлеуметтік мәселелерді көрсетіп отыр. Бұл туындылардың басты құндылығы – қолдың жұмысы. Ойлап көріңіз, бір жұмысты әзірлеуге апталап, кейде тіпті айлап уақыт кетеді, ал бұл жерде 80-ге жуық туынды қойылған».

Өнертанушы, ҚР өнер академиясының академигі Нелли Шиврина: «Графиканың линогравюра тәсіліне ден қойған суретші қағаз орнына матаны қолдана отырып, үлкен туындылармен жұмыс істейді. Ал оның көлемі турасында айтар болсақ, әлемде дәл осындай алып линогравюраға қиындығы мен қатар  техникалық күрделілігі үшін екінің бірі оңайшылықпен беттей алмайды».

Батухан Байменнің мәңгілік құндылықтарды арқау еткен шығармашылығы кең ауқымды, эпикалық тақырыптарға терең бойлайды. Суретші күллі дүниені дүр сілкіндірген түркілер тарихы мен салтанат құрған Алтын орданың дәуірлеген шақтарын ерекше бейнелеген.

Суретшінің жеке көрмелері еліміздің ірі қалаларында, сондай-ақ Германия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Кипр елдерінде өткен.

Көрме ҚР Ұлттық музейінің 4 қабаттағы №2 Бейнелеу залында көрмеленіп,  78 дана туынды қойылды. Көрме 2023 жылдың 30 қыркүйегіне дейін көрермен назарларына ұсынылады.