Этнографиялық экспедиция: Павлодар облысынан 6 құнды жәдігер жинақталды

Ағымдағы жылдың 3–30 шілде аралығында Ұлттық музейдің аға ғылыми қызметкері, PhD Ернұр Рахимов Павлодар облысының аумағында далалық этнографиялық экспедиция жүргізді. 

Оның мақсаты – Павлодар облысы селолық тұрғындарының қазіргі кездегі этномәдени үдерістерін кешенді этнологиялық зерттеуін жүргізу болғанымен, басты міндеттерінің бірі – заттай мәдениет нысандарын зерттеу, соның ішінде тарихи-мәдени құндылығы бар заттарды жинақтап, Ұлттық музей қорына тапсыру бекітілді.

Зерттеу облыстың келесі селолық аудандарын қамтыды: Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Павлодар аудандары.

Ғалым Аққулы ауданында Қазантай, Шақа ауылдары тұрғындарымен кездесті. Олардан қажетті тарихи-этнографиялық маңызы бар ақпарат сұралып, жинастырылды. Сондай-ақ, ескі заттар жиналынды, оларды иелері музейге сый ретінде тапсырды.

Мендібайұлы Ержан музейге ескілікті, бұрын шаруашылықта пайдаланылған заттарды тапсырды: керосинді өлшеп құюға арналған бақыраш (ожау) және безмен-кантарик таразысы. Бұл заттар оның бабасының қолданылуына болған екен. Бақыраш КСРО аумағында ХХ ғ. 30-40-шы жылдары пайдаланылған. Керосин мемлекеттік маңызы бар шикізат болғасын, оны тұрғындарға мөлшерлеп құйып берген. Заттың жалпы салмағы 500 г. «Для керосина 0,5 л. З-д 184» деген жазуы бар. Ескірген, реставрацияны қажет етеді. Бұл жәдігердің жоғары музейлік маңызы бар, себебі Ұлттық музейде бұндай жәдігер бұрын-соңды тапсырылмаған. 


1.jpg


1 (1).jpg

Екінші жәдігер қарапайым күйентелі серіппелі таразы болып табылады. Оның көмегімен сан ет немесе астық өлшеген. Өлшем көрсеткіші – пұт (16 кг). Өндіруші ел: АҚШ, бірақ Ресей империясы аумағында кен таралған. ХХ ғ. басында қолданудан шығарылды. Ескірген, реставрацияны қажет етеді. Жоғары музейлік маңызы бар. Ұлттық музейде ертеде Ақмола облысынан тапсырылған осындай бір таразы бар. Мынау екіншісі болайын деп тұр.


2.jpg


Музей қорына тапсырылған тағы бір жәдігер – Биболова Найна сыйлаған қолдан тоқылған қысқа былғары қамшы. Оның жасалған уақыты ХХ ғ. 90-ші жылдары, Қазақстан. Бұл қамшы кәдесый ретінде немесе балаларға ойыншық қызметінде қолөнерші жасаған. Шебердің есімі белгісіз. Сақталымы жақсы.


3.jpg


Ақтоғай ауданына жасалған іс-сапар барысында Әуелбек ауылдарының тұрғындары Жилкибаев Бауржан, Жилкибаева Ғалия тарихи-этнографиялық тұрғыдан маңызды ақпарат берді. Сонымен бірге, ақпарат берушілер біраз заттарды музейге тапсырды. Мысалы, Жилкибаев Бауржан әкесінен қалған ескі былғары папканы тапсырды. Оның айтуынша бұл папканы әкесінің әкесі, яғни атасы пайдаланған екен. Жасалған уақыты ХХ ғ. 20-30-шы жылдар шамасы. Құжаттар мен қағаздар салу үшін қолданылған. Ескірген, реставрацияны қажет етеді.


4.jpg

5.jpg


Жилкибаева Ғалия әжесінен қалған орамал шаліні сыйлады. Бұл ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында атақты Павловский Посад орамалдар фабрикасында тоқылған шалі болып шықты. Орамал қызыл түске боялған, өсімдіктің суреті бар (георгина гүлдері). Сақталымы жақсы, дегенмен зақымдалған жері. Сондықтан, реставрацияны қажет етеді. Бұл жәдігердің жоғары музейлік құндылығы бар, себебі біздің музейде осындай орамал бұрын-соңды тапсырылмаған.

6.jpg


Экспедиция соңында Павлодар ауданында (Кенжекөл селосы) тарихи-этнографиялық материалдар жинастырылды. Касенов Сансызбай деген ақсақал өз жеке кітапханасынан музейге шет тілінде басылып шыққан ескіден сақталған кітабын сыйлады. Зерттей келе түсінгеніміз, бұл француз тілінде 1887 жылы Парижде басылып шыққан белгілі жазушы, публицист, мемлекет және қоғам қайраткері Альфонс де Ламартиннің «Voyage en Orient. Tome Second» атты шығармасы. Жәдігердің сақталымы жақсы. Библиографиялық сирек кітап ретінде жоғары музейлік маңызы бар.


7.jpg

8.jpg

Осылайша, экспедициялық жұмыс барысында Ұлттық музей қорына барлығы 6 дана болатын тарихи-этнографиялық маңызы бар жәдігерлер жинастырылды.