Музей қорына Абай шәй ішкен самаурын табысталды

Бүгін, 10 тамыз күні бүкіл ел көлемінде Абай күні аталып өтуде. Осыған орай, Ұлттық музей қорына ұлы ақынның қолданған заты кіші Тула самаурынын табыстау рәсімі өтті.

1893 жылы жасалынған, тарихи құндылығы жоғары жәдігер Абай атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры атынан беріліп отыр. Бұл – Семей қаласындағы меценат Бекбай Баисовтың керуен сарайында тұрған, Абай Құнанбайұлы бастаған қазақ зиялылары шай ішкен самаурын.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев Абайдың қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесін айта келіп, қазақтың бас ақыны атанған ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы әлі де толық зерттелмегенін атап өтті.

Қазіргі таңда Ұлттық музей қорында Абай Құнанбайұлына қатысты 42 сақтау бірлігін құрайтын жәдігер бар. Олардың арасында ақынның жеке пайдаланған құтысы, көзі тірісінде баспадан шыққан кітаптары және тағы басқа маңызды дүниелер бар.

Ұлы ақынның музей ісінің шынайы жанашыры болғандығын да ерекше атап өткен жөн. Мысалы, Абай Құнанбайұлы 1885 жылы досы Нифонт Долгополов арқылы Семейдің өлкетану музейіне қазақ елінің тарихы мен мәдениетіне қатысты 60-тан аса заттарды тапсырған.

Ұлттық музей қорына табысталған самаурынның шығу тарихына үңілсек, Абайдың алғашқы музейі Семей қаласында, Ертіс өзенінің жағасында Бекбай Баисовтың қонақтарға арналған орнында ашылған еді. Бір кездері Ертістің сол жағалауынан, қаланың Жаңасемей бөлігінен келгендердің барлығы таңертеңгі паромды күтіп, Бекбай Баисовтың қонақ үйіне жиналатын.

Музей басқа мекенжайға көшірілгенде, қонақүйдің ауласынан әртүрлі самаурындар табылған. Тарихшы, әрі мәдени құндылықтарды жинақтаушы Айтқали Қыстаубаев өзінің досы арқылы үлкен және кіші Тула самаурынын алып қалды. Содан бері самаурындар Қыстаубаевтың отбасында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келді.

Әкесінің мұрагері ретінде Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының құрылтайшысы, кәсіпкер Ермек Бейсембаев құнды жәдігерді ҚР Ұлттық музейі қорына табыстады.