Қазақстан территориясында Алтын Орда дәуірінің култьтік нысандары: кесенелер, медреселер, жер асты жерлеу орындары; мемориалдық құрылыстар: қалалар, елді мекендер, бекіністер, керуен сарайлар өте көп шоғырланған. Бүгінгі күні осы ескерткіштерді археологиялық тұрғыдан зерттеу және оны ғылыми айналымға енгізу аса маңызды жұмыстардың бірі. Сонымен қатар Жошы ұлысындағы қалалар мен елді мекендерінің қалыптасуы және оның даму үдерісін бағамдау өте өзекті мәселе. Жекелеген қалалардың тарихындағы өзіндік ерекшеліктерін анықтау және олардың басқа қалалармен өзара арақатынасын айқындау кешенді ғылыми зерттеулерді қажет етеді. Алтын Орда дәуіріндегі қалалардың басым көпшілігі Сырдария өзенінің ескі арналары Іңкәрдария, Жаңадария, Қуаңдария бойында және Арал теңізі маңында шоғырланған. Бұл аймақ әрқилы тарихи кезеңдердегі халықтар үшін әлеуметтік маңызы жоғары, саяси және мәдени орталықтардың бірі болғаны даусыз.
ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми-әдістемелік жұмыстар қызметі Археология және этнография бөлімінің ғылыми қызметкері Архад Молдахмет 2022-2023 жылдар аралығында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы (Қышқала, Мыңшоқы), Жалағаш ауданы аумақтарында (Жаңақала, Мортық, Құмқала 1, 2) қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл қазба жұмыстары №AP09260898 «Ортағасырлық Қышқала (Баршынкент): Алтын Орда дәуіріндегі қалалық мәдениет контекстінде» атты жоба аясында өтті. Жоба жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов. Жүргізілген археологиялық барлау және қазба жұмыстары нәтижесінде (2022 жылғы қазба) табылған көтерме материалдар мен қазбадан кездескен табылымдар музей қорына тапсырылды.
Ұршықбас. Ұршықтың басын (ебелегін), әдетте, ағаштан әзірлейді. Иірілетін жіптің ыңғайына қарай кейде ұршықбасты тастан да жасайды. Сол сияқты ірі қараның ортан жілігінің жамбас ұясына кіріп тұратын жұмыр басын шорт қиып алып та ұршық бас әзірлеуге болады. Ұршықбасты негізінен жіпті немесе екі затты біріктіру арқылы қолданылады. Бұл құрал арқылы арба, жіп сияқты заттарды біріктіріп тасуға болатын өте ыңғайлы құрал.
Каури. Теңіздердің жылы жағалауын мекендеген тайпалар айырбас құралы ретінде теңізден шығатын қабыршақты (раковина) қолданған. Тарихта қабыршақтан жасалған әшекей бұйымдарының біраз атаулары сақталған. Солардың ішінде ең көп тарағаны ақшыл сары түсті, үлкендігі түймедей — каури деп аталатыны. Әшекей ретінде жіпке тізген каури Үндістанда, Қытайда, сол сияқты Африканың Шығыс жағалауында және Цейлон мен Филиппин аралдарында ең алғашқы ақша ретінде жүрген. Ал Америка үндістері қабыршақ ақшаны теріден тігілген белбеуге өрнек немесе аңдар мен құстардың бейнесін салып қолданған.