ҚР Ұлттық музейінде «Қазақтың қолөнері» тақырыбында шеберлік сабағы өтті. Сабақты ұйымдастырушы - Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ғылыми қызметкері, Шаңырақ жобасының үйлестірушісі Гүлжанат Қажақанқызы Ахметқалиева. Шеберлік сабағына №62 мектеп-лицейінің 4 сынып оқушылары (25 бала) қатысты.
Сабақтың мақсаты: жас ұрпақтың бойына халық өнеріне, зергерлік өнерге деген қызығушылықтарын арттыру, заман ағымымен ұмыт болып бара жатқан киелі өнерді жас ұрпаққа таныстыру, бабалар өнерін насихаттау, балалардың өнерге деген ынта-ықыласын күшейту, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, әсемдікке баулу.
Сабақ барысында Мата және кілем киіз бұйымдарын қалпына келтіру секторының суретші–қалпына келтіруші мамандары Гүлден Құсман мен Қайрош Сақаба балаларға ұршық иіру, кесте тігу және ілмекпен тоқу әдістерін көрсетті. Оқушылар шеберлік сабағына белсене қатысып, сабақтан алған әсерлерімен бөлісті.
Қазақтың ұлттық қолөнері - халқымыздың ата-бабадан ұрпаққа жеткен шеберлігі, ұсталығы, ісмерлігі. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Өз ұрпағының сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі, өнерлі болып өсуін мақсат еткен ата-анамыз өз бойындағы бар асыл қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа үйретіп келген.
«Ата-бабамыздан бізге жеткен асыл мұрамыз, қазынамыз қолда бар жәдігерлерімізді болашақ ұрпаққа жоғалтпай сақтап, күтіп жеткізу біздің асыл парызымыз. Өткеннен бізге жеткен асыл мұрамызды көздің қарашығындай сақтайық», – деп Гүлжанат Ахметқалиева сабағын аяқтады.