2023 жылғы 3 наурыз күні сағат 16.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде белгілі зергер, педагог, реставратор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО сапа белгісі сертификатының иегері, коллекционер Сержан Баширов пен оның ізбасарларының «Текті өнердің шеңбері» атты көрмесінің салтанаты ашылу рәсімі өтеді.
Көрменің мақсаты: қазіргі заман шеберлерінің шығармашылығында жаңғырып келе жатқан қазақтардың сәндік-қолданбалы дәстүрлі білім мен дағдыларды келесі ұрпаққа таныстыру.
Сержан Баширов – ХХ ғасырдың соңындағы алғашқы қазақ реформатор шеберлері Дүйсен Сейдуалиев, Даркенбай Шоқпаров және Арыстанбек Хасеновтың ісін жалғастырушы. Зергер уақыт пен өнердің нәзік шекарасында жұмыс істейді: оның өнімдері дәстүр мен қазіргі заманның көрінісін береді. Сондай-ақ, С.Баширов қазақ қолданбалы өнерінің ірі коллекционері болып табылады. Оның топтамасында қазақ өмірі мен өнерінің 100-ден астам заттары бар. Бұл баға жетпес мұра Ұлы Дала көшпенділерінің тарихы мен дәстүрін зерттеуге арналған үлкен ғылыми база болып табылады.
Көрмеге Сержан Баширов шығармашылығының ізбасарлары, халықаралық симпозиумдардың және басқа да көптеген марапаттардың лауреаттары, сондай-ақ шетелдік, республикалық және аймақтық көрмелердің қатысушылары жиналып, жалпы саны 10-нан астам заманауи қазақстандық қолөнер шеберлерінің жұмыстары қойылады. Экспозицияда Сержан Башировтың қазақтың дәстүрлі өнері бұйымдарынан жинақталған коллекциясы да басты орын алады.