К. Ақышев – 100 жыл: Халықаралық семинарда тарих және мәдениетті зерттеудің өзекті мәселелері талқыланды

17 сәуір күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көрнекті археолог К.А. Ақышевтың 100 жылдық мерейтойына орай «Еуразияның қазіргі заманғы тарихи және тарихи-антропологиялық зерттеулері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинары өтті.

Семинар К. Ақышев атындағы Ғылыми зерттеу институтымен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті тарих факультетінің археология және этнология кафедрасымен және «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Семинар серіктестері ретінде М.К. Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералды университеті (Саха Республикасы, Якутск қ.) және Ж.Баласагын атындағы Қырғыз Ұлттық университеті (Бішкек қ.).

Ғылыми семинар Саха Республикасының (Якутия) Қазақстандағы мәдениет күндері аясында өтуде. Екі халықты ортақ тарихи тамыр мен ортақ түркі тілі біріктіреді. Еуразиялық кеңістіктің ежелгі тарихының мәселелері де К.А. Ақышевтың зерттеу нысаны болған.

Семинар жұмысына К.А. Ақышев бастаған археологиялық бағыттарды зерттеуді жалғастырып жүрген отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары, РҒА Тарих, археология және этнография институты (РФ), РҒА Археология институты (РФ), РҒА СБ Солтүстік аз халықтардың гуманитарлық зерттеулер және проблемалар институты (РФ), РҒА СБ моңғолтану, буддология және тибетология институты (РФ), Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің оқытушылары, отандық музейлердің қызметкерлері, К.А. Ақышевтың шәкірттері мен қызметтестері баяндама жасады.

«Әлкей Марғұлан қазақ археология ғылымының идеялық жағынан қалыптасуына ықпал етсе, Кемел Ақышев осының барлығын тікелей өз қолымен жүзеге асырып, сара жолға салып берді. Біздің қазіргі жетістіктеріміздің барлығы Кемел Ақышұлының білгірлігі мен жұмысты ұйымдастыра білу қабілетінің арқасында», - деп атап өтті семинар барысында т.ғ.д., ҚР еңбек сіңірген қайраткері, археолог Зайнолла. Самашев.

Ал К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми зерттеу институтының директоры, т.ғ.к., археолог Марал Хабдулина ғалымның Дала өркениетінің эпицентрі болып табылатын Қазақстан территориясында көшпенділік және отырықшы өмір сүру салты үндесіп, қала мәдениеті дамығандығын (Бозоқ қалашығы) іс жүзінде дәлелдегенін алға тартты. Бұл Кемел Ақышұлының ғылыми зерттеу жұмыстарын жаһандық көзқарас тұрғысынан жүргізіп, отандық археологияның дамуына өлшеусіз үлес қосқанын көрсетеді.

Іс – шара аясында Қазақстан археологиясының жарқын өкілінің 100 жылдық мерейтойына арналған екі монографияның тұсауы кесіліп, ғалымның шығармашылығы туралы фильмдер, архивтік сұхбаттары көрсетілді. Ал Кемел Ақышевтың өмірі мен ғылыми жолының ретроспективасы фотокөрмеде көрініс тапты.

Кемел Ақышев – Қазақстанның Ұлттық археологиялық ғылымының негізін қалаушылардың бірі, есімі әлемге әйгілі археолог. Ол жетекшілік еткен ғылыми археологиялық экспедиция барысында «Алтын адам» табылып, әлемдік археологиялық сенсацияға айналды. Бүгінде алтын киімді сақ көсемі еліміздің құнды жәдігері саналып, Тәуелсіздіктің символына айналып отыр.

Кемел Ақышұлы 40 жылдан астам Қазақстанның оңтүстігінде жұмыс істеген, Ежелгі Отырарды зерттеген, Ұлы Жібек жолы қалаларын картаға «түсіреді», олардың қазіргі қирандыларында гүлденген ортағасырлық қалалардың Сауран, Сығанақ, Созақ, Ясы, Жанкент болғандығын анықтайды. Еліміздің ең шалғай түкпірлеріне, жарты ғасырдан астам ғылыми жаңалықтар Ұлы Дала тарихын тануға қажетті іргетасқа айналған ғалымның ғылыми мұрасын құрайды.

Елорданы Алматыдан Қазақстанның орталығына көшіргеннен кейін К.А. Ақышев Астанаға қоныс аударып, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де жұмыс істейді. Ғалымның көзі тірісінде Есіл археологиялық экспедициясы мен Археологиялық реконструкциялар зертханасы ашылып, кейіннен К.А. Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Ғалымның соңғы ғылыми жаңалығы – ортағасырлық Бозоқ қалашығы болды. Бозоқ қалашығы –жас астанамыздың мың жылдық тарихын паш етті.

К.А. Ақышев – Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1989), Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1982), Неміс археологиялық институтының корреспондент мүшесі (1983). Отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін 1998 жылы «Парасат» орденімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Оның есімі «Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына» жазылған.