Ұлттық музейде қылқалам шеберлеріне арналған дөңгелек үстел өтті

2024 жылы 6 наурыз күні сағат 14:00-де ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми кітапханасында «Ғасырлар өнері: қылқалам шеберлері Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевқа 120 жыл, Гүлфайрус Исмаиловаға 95 жыл» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға өнер жанашырлары, суретшілер, өнертанушылар қатысып, қылқалам шеберлері туралы естеліктер мен жылы лебіздер айтылды. Суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жанұзақ Мүсәпір Ә. Қастеевтің қазақ өнеріндегі өзіндік орнына тоқталып, суретшінің туындылары кеңестік Қазақстанның шежіресі екендігін атап өтті. Жиынға қатысқан халықаралық қатынастар сарапшысы Клара Исабаева қылқалам шеберлерінің Қазақстан бейнелеу өнерін әлемге танытудағы ролін айшықтады. Клара Камилқызы Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаев шығармалары шетел музейлерінің топтамасына еніп, талғамы жоғары өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүргенін айтты. Сарапшы Қазақстан өнерін таныту мақсатында әр түрлі форматтағы экскурсиялар, презентациялар, дөңгелек үстелдер және БАҚ-мен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын алға тартты. Кинотанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Камила Габдрашитова Гүлфайрус Исмаилованың «Қыз Жібек» фильмі үшін ұлттық киім, зергерлік бұйымдар мен реквизит үлгілерін жасап, кино тарихында өзіндік орны бар суретші екендігіне баса назар аударды. Суретші, этнограф Қалиолла Ахметжан Ә. Қастеевтің портрет салудағы ізденісі мен ерен еңбегін атап өтті. А. Имановтың бейнесін салу үшін Әбілхан Қастеев батырдаң өсіп-өнген ортасына барып, көзін көрген адамдармен кездесіп, тарихи тұлғаның образын бірнеше жыл бойы кенеп бетіне түсіреді. Бұл портрет салуға маманданып жүрген суретшілер үшін таптырмас өнеге, деп атап өтті Қ. Ахметжан. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар арасында суретшілердің өмірі мен өнеріне қатысты викторина өткізіліп, сыйлықтар табысталды.