«Музей экспонаттарын жетекші шетел реставрациялық зертханаларында консервациялау және қалпына келтіру» атты семинар-практикум

ҚР Ұлттық музейінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан музейлерін дамыту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығы Біліктілікті арттыру және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің ұйымдастыруымен «Музей экспонаттарын жетекші шетел реставрациялық зертханаларында консервациялау және қалпына келтіру» атты семинар-практикум өтті. Семинардың мақсаты – ҚР Ұлттық музейінің шет елдерде тағылымдамадан өткен мамандарының реставрация бойынша игерген қазіргі таңда қолданатын әдіс-тәсілдерімен бөлісу және өзара тәжірибе алмасу, жас реставратор мамандарға әдістемелік бағыт-бағдар беру. Музей қызметкерлеріне арналған біліктілік арттыру семинар-курсына республикалық, облыстық, мемориалдық музейлер мен музей-қорықтардан, салалық министрліктерге қарасты музейлерден 23 маман оффлайн, 45 маман онлайн түрде қатысты. Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева: «Қазіргі уақытта заманымызға сай музей жұмысын және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының баға жетпес жәдігерлерін сақтауды реставрациялық қызметсіз елестету мүмкін емес. Бүгінгі күні келешек ұрпақ үшін көне жәдігерлерді сақтаудың тарихи-мәдени маңызы зор. Еліміздегі музей реставраторларына қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстарын ҚР Ұлттық музейі шет елдерде – Ташкент (Өзбекстан), Санкт-Петербург, Мәскеу және Қазан (Ресей) қалаларында тағылымдамадан өткен мамандарының игерген реставрация бағыты бойынша қазіргі таңда қолданатын әдіс-тәсілдерімен бөлісу және өзара тәжірибе алмасу үшін бүгінгі семинарды ұйымдастырып отыр. Бүгін осы әріптестеріміз тәжірибелерімен бөлісіп, Сіздерге барынша пайдалы ақпарат береді деп сенемін», - деп атап өтті. Курс бағдарламасына сәйкес ҚР Ұлттық музейінің Консервациялау және қалпына келтіру қызметінің басшысы Гүлсара Мұқашева өз сөзінде Ұлттық музейдегі атқарылып жатқан жұмыстар мен шетелдік тәжірибелердің озық әдіс-тәсілдеріне тоқталды. Кескіндеме, графика және қағаз секторының суретші-реставраторы Құралай Төлегенова «Станокты майлы бояумен салынған суреттерді қалпына келтіру және консервациялау бойынша біліктілікті арттыру курсынан қысқаша ақпарат» атты дәрісінде ресейлік Реставрация институтында игерген тәжірибесі мен коммерциялық және музейлік реставрация ұғымдарына, бейнелеу өнеріндегі рестарациялық жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Консервациялау және қалпына келтіру зертханасының меңгерушісі Дана Досаева металдан жасалған археологиялық жәдігерлерді сақтау мен қалпына келтірудегі замануи әдіс-тәсілдер, скан, КТ, микроскоп сынды техникалық құралдар мен химиялық элементтердің маңыздылығы туралы айтты. Керамика, фарфор және шыны секторының меңгерушісі Бекболат Жақсылық «Керамикадан жасалған музейлік экспонаттарды қалпына келтіру» дәрісінде Мәскеу қаласындағы ГОСНИИР-де меңгерген әдістерімен бөлісті. Металл, ағаш, тері және сүйек секторының суретші-реставраторы Санат Аятбек металл бойынша консервациялау және қалпына келтіру жұмыстарымен таныстыру барысында ең төзімсіз металл – темірден жасалған жәдігерлерді сақтау мен қалпына келтірудің барысында қолданылатын замануи тәсілдер мен химиялық элементтердің маңыздылығы жайында ақпарат берді. Сонымен бірге Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығының Консервация және реставрация бөлімінің басшысы Сырым Ботабеков пен суретші-реставратор Жансерік Бейсенқұлов «Өсімдікті өңдеуден өткен теріге батырма түсіру» тақырыбында мастер-класс өткізді. Семинардың практикалық бөлімінде барлық қатысушыларға реставрациялық шеберханалардағы жұмыстарды таныстыру мақсатында Музей қызметкерлері «Керамикалық заттарды қалпына келтіру жұмыстарымен таныстыру», «Методика реставрации и консервации архивных и библиотечных материалов на бумажной основе», «Металды қалпына келтіру әдістері», «Первичная расчистка металла» тақырыптарында мастер-кластарын көрсетті. Семинарға Астана, СҚО, ШҚО, Көкшетау, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан қалаларындағы музейлердің реставратор мамандары қатысты. Семинар-курс қорытындысында қатысушы мамандарға бекітілген үлгідегі сертификаттар табысталды.