«Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы» атты музейлік сабақ

Ұлттық музейде өткен «Ұрпақ тәрбиесі - ұлт болашағы» атты музейлік сабақ кезінде ер бала тәрбиесі туралы ой қозғалды. Іс-шараға «Ақмола облысы Қосшы қаласының «IT мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 9-10 сынып оқушылары мен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебінен 7-10 сынып оқушылары қатысты. Сабақтың мақсаты – ер жігіттің ел-жұрт, үлкен-кіші, кәрі-жас алдында өзін ұстауы, қамқорлық жасап, отбасы мен ел-жұртына үлгі-өнеге болу, қиын сәттерде ерлік көрсетіп, азаматтық таныту секілді істерге бағыт-бағдар беру, салт-дәстүр арқылы болашақ ұрпақты тәрбиелеу. Іс-шараға қатысқан қонақтар: Ақмола облысы Қосшы қаласының «IT мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің дене шынықтыру мұғалімі, Ауған соғысы және Чернобыль апатының ардагері Нағашбек Ахбаев, «Сәдуқас қажы Ғылмани мешітінің» найб имамы Қондыбай Серікбайұлы, «24КЗ» телеарнасының тілшісі, «Шартарап» айдарының автор-жүргізушісі, «Толық адам және 4 даму» жобасының авторы Ернат Мэлсұлы, «Қарашаңырақ» ұлттық тәрбие беру қоғамдық бірлестігінің директоры, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Ертегі – ел ертеңі» рухани өнегелік тәрбие беру жобасының авторы, қоғам қайраткері, тарихшы-этнолог Тұрар Шәкен, ҚР Қарулы Күштері Мемлекеттік әскери-тарихи музейі басшысының Ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Сырым Хасен. Қонақтар жас ұрпақты рухани-адамгершілікке, салауаттылыққа тәрбиелеуде адамгершіліктің ақ жолынан айнымаған бұрынғы ақыл-ой алыптарының мұра етіп қалдырған өсиет сөздерін айтып, келешектеріне бағыт-бағдар берді. Оқушылар сабақтан алған әсерлерімен бөлісіп, көңілді тарқасты.