«Ұлы суреткер ұлағаты» атты музейлік сабақ

Ұлттық музейде Ә.Қастеевтің 120-жылдығына арналған «Ұлы суреткер ұлағаты» атты музейлік сабақ өтті. Суретшінің баға жетпес құндылығын болашақ ұрпақтың зердесіне жеткізуге бағытталған іс-шараға Менеджмент және бизнес колледжі, Көлік және коммуникация колледжі, Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің «Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің жетекшісі Жұбанова Гүлнұр Алпысбайқызы Zoom желісі арқылы қылқалам шеберінің үздік туындылары қойылған көрме туралы айтса, суретшінің ұрпағы, қызы Гүлдария Қастеева әкесі жайлы сөз қозғады. Кездесуге онлайн форматта қатысқан Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шайхиев Ықылас Рашидұлы жас суретшілер арасындағы конкурсқа тоқталып, үздік туындылармен таныстырды. Өз кезегінде жас суретшілер Ә.Қастеевтің портретін, танымал картиналарының көшірмесін салып, жиналған қауымға өнерлерін паш етті. Музейлік сабақ суретшінің картиналары қойылған Бейнелеу өнері залында жалғасты. Музей өнертанушысы Фатима Баймағамбетова Ә. Қастеев туындыларының шығу тарихына кеңінен тоқталып, суретшінің отандық бейнелеу өнері тарихындағы рөлін айқындады.