Ұлттық музейде «National Geographic» журналының фотокөрмесі ашылды

2024 жылғы 9 ақпан күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінде «National Geographic»-тің «Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері» атты көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көрмеде «National Geographic» журналының беттерінен таңдап алынған хайуанаттар әлемінің ең үздік суреттері ұсынылған. Табиғат суреттерінің майталман редакторы Кэти Моранның жетекшілігімен әзірленген бұл көрме National Geographic-тің Майкл «Ник» Николс, Стив Уинтер, Пол Никлен, Беверли Жубер, Дэвид Дубиле және басқа да ең танымал фотографтардың түсірген суреттерінен құралған тұмса табиғатқа деген айрықша көзқарас іспетті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек көрменің ашылуымен құттықтап, «National Geographic» журналының бүгінгі күні атқарып жатқан игі істерін атап өтті. ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ журналистикасының ардагері Дархан Мыңбай журналдың ұйымдастырып отырған іс-шараның маңыздылығын, оның жерді, жануарлар әлемін сүюге ықпал ететінін, санамызды оятуға жетелейтінін айтты. ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева Ұлттық музейдің «National Geographic»-пен 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқанын айтып, алдағы уақытта да осындай қызықты көрмелердің ұйымдастырылатынына сенім білдірді. «National Geographic» журналының бас редакторы Еркін Жақып: «Көрмеге қойылған әрбір фото сізді ойға жетелейді, шабыттандырады. Сондықтан да бүгінгі фотокөрмеден сіздердің қатысуларыңызбен жер планетасын аман алып қалу миссиясына бір қадам жақындаймыз деп ойлаймын». «Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері» фотокөрмесі Ұлттық музейде ақпанның 25-іне дейін жалғасады.