«Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымы

Ұлттық музейде «Өзбекәлі және мәдени майдан» тарихи-репрезентациялық кітабының таныстырылымы өтті. Кітап «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының әйгілі авторлары – Санжар Керімбай мен Әділбек Нəбидің бірлескен авторлығымен жазылған. Белгілі журналист Зейін Әліпбек жүргізген салтанатты іс-шараға Өзбекəлі Жəнібек әулеті мүшелері, көзін көрген замандастары мен серіктері, ҚР Парламенті депутаттары мен мәслихатшылар, мемлекеттік ведомствалар басшылары мен қызметкерлері, өнер майталмандары және басқа да танымал тұлғалар, білім-ғылым, БАҚ және мәдениет саласы өкілдері қатысты. Авторлар Атырау, Қостанай, Арқалық, Астана, Семей, Шымкент, Павлодар аймақ-өңірлеріне экспедиция жасап, Өзбекәлінің көзін көрген, онымен қызметтес болған кісілермен жолығып сұхбаттасты. Өзбекәлі жайлы бұрын-cоңды беймәлім болып келген естеліктер тапты. Бұдан бөлек 1960-1990 жылдар аралығындағы Қазақстанның саяси атмосферасына дәл сипаттама берді. Торғай облысының қалай ашылғаны, оның кейін қандай саяси себеппен жабылғаны жайлы сараптама да жасалды. Кітап жаңалығы – Кеңестік кезеңдегі қазақ халқының елдік санасы мен бостандыққа ұмтылыстары туралы жаңа көзқарас қалыптастырады. Сонымен қатар баяндалған оқиғалардың танымдық-патриоттық тұрғыда маңызы аса зор.