Музей Атриумының реэкспозициясы

Музей Атриумы концепциясының өзгеруіне байланысты бізге БАҚ өкілдерінен сауалдар түсуде. Осыған байланысты келесіні хабарлаймыз.

Биыл шілде айында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі өзінің алғашқы мерейтойы 10 жылдығын атап өтеді. Музей осы уақыт аралығында қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын насихаттап, еліміздегі маңызды мәдени, ғылыми және білім ордасына айналды және әлемдік музей қауымдастығынан өзінің лайықты орнын алды.

Жылдан-жылға қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, өнеріне деген қызығушылық артып, республиканың әрбір аймағынан, алыс-жақын шет елдерден келушілердің саны 2023 жылы 600 мыңға жуық адамды құрады.

ҚР Ұлттық музейінің 10 жылдығы аясында ҚР мәдениет және ақпарат министрінің тапсырмасы бойынша 2024 жылы отандық және шетелдік сарапшыларды тарта отырып, музей кеңістігін жетілдіру процесі басталды. Әлемдік музей тәжірибесіне сәйкес әр музей экспозициялық залдарының тұжырымдамалық мазмұны мен көркемдік-стилистикалық шешімін жаңартып отыруға міндетті. Ұлттық музей осы тәжірибені қолдана отырып, Атриум залының реэкспозициясын қолға алды. Оның негізгі міндеті – келушілер үшін ыңғайлы рекреациялық аймақ ретінде қызмет ету. Бұл билет алудан бастап, экскурсияларға тапсырыс беру, отандық кәдесыйлар сатып алу, оқу залында ғылыми кітапхана қорымен танысуға дейінгі барлық қызметтер түрін қамтиды. Атриумда экскурсия басталып, Ұлттық музей мен оның қорларындағы коллекциялар, экспозициялық залдары туралы ақпарат беріледі.

Атриум тарихи-хронологиялық кезеңдеу логикасына және залдардың тақырыптық-экспозициялық мазмұнына бағынатын музей экспозициясының сценографиясы тұрғысынан маңызды.

Айта кеткен жөн, алдағы уақытта «Тәуелсіз Қазақстан» залының реэкспозициясы бойынша жұмыстар жүргізіледі (2014 жылдан бері жаңартылмаған), онда қазіргі тарихи кезеңнің маңызды оқиғалары толық қамтылмақ.

Ескерткішке келетін болсақ, бұл экспонат музей мүлкі болып табылады және Атриум тұжырымдамасының өзгеруіне байланысты музей қорында тұрақты сақтауда болады.

Музей әлеуметтік жады институты ретінде заман талабына сай жауап бере отырып, қоғамға қызмет етуге міндетті. Сондықтан таяу арада Музейдің экспозициялық кеңістігін одан әрі жетілдіру жұмыстары бірқатар көрме залдарын жаңартумен, ғимараттың ішкі бөлігі және сыртқы қасбетін жөндеумен, материалдық-техникалық жағынан жабдықтау және қайта жарақтандырумен байланысты болады.

Музейдің дамуына қызығушылық танытып, оның іс-шаралары, акциялары мен көрмелеріне назар аударатын қазақстандықтардың, блогерлер мен журналистердің қамқорлық ұстанымы Музей қызметкерлерін қуантады. Музей кеңістігінде болатын алдағы өзгерістер мен жаңартуларды және көрме залдарының көркемдік-стильдік шешімдерін Музей жанашырлары мен қалың жұртшылық жоғары бағалайды деп сенеміз.