Ұлттық музейдің қоры Қазақстан Суретшілер одағының жауһарларымен толықты

2024 жылғы 29 қаңтар күні ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының 90 жылдық мерейтойына арналған «1933-2023. Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағына 90 жыл!» атты Халықаралық көрмесіне қойылған шетелдік суретшілердің жұмыстарын Музей қорына тапсыру рәсімі өтті. Көрме 10 елдің, атап айтқанда, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Грузия, Украина, Беларусь, Молдова, Бурятия, Канада елдерінің шеберлерінен қолдау тапты. Шара кезінде Ұлттық музейге 15 суретшінің 18 картинасы тапсырылды. ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Айбек Сыдыков көрме қалың көпшіліктің қызығушылығына ие болғанын атап өтті. Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Өмірбек Жұбаниязов көрменің өтуіне атсалысқан суретшілерге, Ұлттық музей ұжымына алғысын білдірді. Көрмеге отандық және шетелдік 226 шебердің 270-тен астам туындылары қойылды. Олар: кескіндемелік және графикалық жұмыстар, мүсін, гобелен, керамика және киізден жасалған бұйымдар, кесте секілді туындылар.