«Музей түні» акциясы аясында «Музей құдіреті» атты мәдени-танымдық шара өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні» акциясы аясында «Музей құдіреті» атты мәдени-танымдық шара өтті.

Мақсаты – мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әр түрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттау.     

Шара музейдің орталық кіреберіс алаңында ҚР Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық Ұлан құрметті қарауыл ротасының және әскери оркестрлерінің салтанатты дефилесінен бастау алып, «Астана Опера» театрының оркестрі, «Астана циркі» МКҚК өнерпаздарының қойылымы, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының классикалық және эстрада бөлімінің концерті, сондай-ақ, театрландырылған экскурсия мен Нұр-Сұлтан қаласы «Шаңырақ» театрының көрінісі көрермен назарына ұсынылды.

Ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Назгүл Кадримбетова шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

«Музей – ғылым мен білімнің ортасы. Ол әрбір мемлекеттің ұлттық құндылықтарын ұлықтайтын, рухын асқақтататын құдірет. «Музей түні» акциясы ҚР Ұлттық музейінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Тарихи жәдігерлердің сырын халыққа бүкпесіз жеткізетін музей саласының мамандары бұл күнді асыға күтері анық. Шараның мақсаты тарихымызға, мәдениетімізге, рухани құндылықтарымызға деген жастардың құрметін арттыру» - деді Н. Кадримбетова.

Сонымен қатар, «Жұлдызды гид» жобасы аясында халықаралық байқаулардың лауреаттары Рухия Байдүкенова, Ақерке Тәжібаева, Севда Алиева, Әділхан Макин және тележүргізушілер Гүлназ Әлімгерей, Әйгерім Есенәлі келушілерді музей залдарымен таныстырды. Көптеген қызықты әрі танымдық мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды, музей қызметкерлері балаларға арналған ойындар мен викториналық сайыстар өткізіп, құнды жәдігерлерді қалпына келтіру процесі көрсетілді. Бұдан бөлек, шара аясында Қазақстан бейнелеу өнерінің классик және заманауи суретшілерінің кескіндеме туындыларынан жинақталған тұрақты экспозициялық залының ашылуы өтті.   «Музей түні» акциясы қонақтарының назарына ән-би бағдарламалары, қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі және басқа да әсерлі дүниелер ұсынылды.

Биылғы шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды.

Айта кетейік, «Халықаралық музей күні» мерекесі 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткен болатын.      

Халқымыздың ғасырдан-ғасырға тамыр тартатын өткенін, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің рөлі ерекше. Жиналған жәдігерлер еліміздің өткені мен бүгінгісі туралы ой салып, жастарды Отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуде ықпалы зор.