Арыстанбек Мұхамедиұлы белгілі суретші Б. Бүрдесбековті туған күнімен құттықтады

Қадірлі достар, бүгін көптеген танымал туындылардың авторы, белгілі суретші Бақытнұр Байқанұлы Бүрдесбеков 60 жасқа толды.

Шеті мен шегі жоқ өнер құдіреті арқылы әлемнің әр қырына сапар шектірер сырға толы қылқалам иесінің шалқар шабытынан тыныс алған дүниелер еліміздің атын әлем алдында паш етіп жүр. Оның картиналары бірнеше рет халықаралық ірі көрмелерде жоғары бағаланып, шетелдік жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленсе, Берлин, АҚШ, Англия, Франция, Белгия, Жапония, Корея елдерінде өткен жеке көрмелерінің де қазақтың бар болмысын, тұрмыс-табиғатын, қазақ даласының сұлулығын насихаттауда орны ерекше.

Бақытнұр Байқанұлының ерекше таланты мен кәсіби шеберлігі шығармашылық өнеріне жан бітіре отырып, қылқаламнан туған дүниесі тіршілік әлемінде қимыл-қозғалыстағы ояу қалпында сезіледі. Бұл сыршыл суретшінің өнер әлеміндегі өзіндік қолтаңбасы мен айрықша жолының көрінісі. «Бояу маэстросы» атанып кеткен қылқалам иесінің пейзаж, кескiндеме, натюрморт жанрларындағы және тарихи, тұрмыстық тақырыптағы туындылары халық тарапынан өзіндік бағасын алды.      

Адам өмір жолының асқар биігі – алпыстың шыңына шығып отырған өнер иесін көпшілік бейнелеу өнерінің майталманы ретінде ерекше құрметтейді.

Қымбатты Бақытнұр Байқанұлы, мерейлі жасыңызбен құттықтаймын. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, қажымас қайрат тілеймін.              

Ұлы мәртебелі мәдениеттің майталманы ретінде туған халқыңыздың даңқын жер жаһанға жаңғырта беріңіз!