Ұлттық музейде Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдығына арналған «Бай-қуатты болайық!» атты көрме ашылды

ҚР Ұлттық музейінде   қазақ журналистикасының қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдығына арналған «Бай-қуатты болайық!» атты көрме ашылды.

Мақсаты – қазақ телевизиясында 47 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлының қоғамдағы рөлі мен сіңірген еңбегін жұртшылыққа насихаттап, журналистика қайраткері жайлы естеліктермен бөлісу, жас ұрпақ бойына патриоттық рух қалыптастыру.  

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ең алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығына тоқталып, өз құттықтауын жеткізді.

- «Өздеріңізге мәлім, Ұлы дала тарихы талай-талай таланттың, біртуар перзенттердің, даңқты дарабоз ақтаңкерлердің қолтаңбасы мен жарқын іздеріне бай. Қазақ елінің тектілігі мен ұлылығы, өр рухы ел ішінде темірқазықтай мығым, шоқ жұлдыздай жарық, ісі мен сөзі мірдің оғындай өткір, мақсаты – өз мүддесі емес халық пен ұлттың, болашақтың еншісіне арналған азаматтарды тудырды. Соның бірі –қазақ телевизиясында 47 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы екенін мақтанышпен айта аламыз.Нұртілеу Иманғалиұлы - жарты ғасырға жуық ғұмырын журналистика саласына арнап, ізін өкшелеген ізбасарлары мен көзіқарақты көрерменге айрықша қолтаңбасын қалдырған талантты тұлға, ұстаз-журналист ретінде есте ескірмей, тарихта алтын әріппен жазылып қалды. Нұр-аға ұлтын сүйген перзент екендігін де көзі тірісінде дәлелдеп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтауға үлес қосты, ұлттық киімнің заманауи түрін хабарларға, эфирге киіп насихаттады. Нұртілеу Иманғалиұлының спорттан да алшақ еместігін, жан-жақтылығын оның жетістіктерінен аңғаруға болады. Ол кәсіби журналистік қабілетімен қатар, спортта да бірқатар жетістіктерге жетіп бокстан «Спорт шеберіне үміткер» атағына ие болды.Нұр-ағаның тарихындай таудай биік қызметтері мен жетістіктері, ел аузында мәңгілік сақталатын еңбектерімен қатар, азаматқа тән жомарт, жайсаң мінезі, қашанда қалпынан таймаған қарапайымдылығы бір төбе. Қазақтың бас ақыны ұлы Абай Құнанбайұлының: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, Нұрлы ақыл, Жылы жүрек» деген сөзі бар. Нұртілеу Иманғалиұлының да ғұмыр бейнесі, іс-әрекеті де Абай айтқан үш қасиетпен астасып жатқандай»,-деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жиын барысында Нұртілеу Иманғалиұлының жұбайы Қарлығаш Советбекқызы көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, бастамашылдық танытқан Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ұжымға алғыс айтты.

- «Нұртілеу Иманғалиұлы елдің азаматы, отбасының берік тірегі, жақсы әке, жақсы ата болды. Елдің де, отбасының да қамын ойлайтын, істе өжет, ал кісіге қамқорлық пен мейірім көрсетуде жаны нәзік азамат еді. Бүгін Нұртілеуді еске алуға арналған көрме оның екінші ғұмырының есігін ашқандай әсерге бөлеп отыр. Іс-шараға келген барша ардагер әріптестері мен шәкірттеріне, өмірдегі достарына, ұйымдастырушы музей басшылығына отбасымыздың атынан алғыс айтамын. Елордадан бастау алған көрме әрі қарай Алматы, Семей, Шымкент және туған өңірі Талдықорған қаласында аяқталады», - деген Қарлығаш Советбекқызы Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына музейге сый етіп Нұртілеу Иманғалиұлының эфирге киген киімдері мен қаламсабын табыс етті.

Көрменің ашылуына арналған салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Қазыбек Жарылқасынұлы қазақ журналистикасының тарланы Нұртілеу Иманғалиұлы жайлы естеліктермен бөлісіп, арнау өлеңін оқыды. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Жаңылысқызы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан және Аманжол Әлтай, «Қазақстан» РТРК Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай, «Хабар Агенттігі» Басқарма төрағасы Берік Уәли, «Бас редакторлар клубының» төрағасы Бибігүл Жексенбай және басқа достары мен әріптестері Нұртілеу Иманғалиұлының қызмет пен өмірдегі қасиеттері жайлы тебіреніске толы пікірлерін білдірді.     

Салтанатты шарадан соң көрменің лентасы қиылып, жиынға келген қонақтар мен музейге келушілерге арнайы экскурсия жүргізілді.

Көрме экспозициясына Нұртілеу Иманғалиұлының эфирде киген ұлттық үлгідегі киімдері, жеке қолжазбалары мен жұмыс үстеліндегі бұйымдары, мемлекеттік және мерекелік наградалары, спорттық киімдері мен қанжар, қамшы, домбыра сынды 200-ге тарта заттары қойылды.