Ақпасова Батеш Рахметжанқызы 1962 жылдың 26 шілдесінде Целиноград қаласында дүниеге келген. 1979 жылы Целиноград Мемлекеттік Педагогикалық институтының  филология факультетіне оқуға түсіп, 1984 жылы бітірді. 1988 жылдан бастап  қызметін халқымыздың асыл қазыналарын, бай мұрасын насихаттау жолына бағыттады.

Б.Р. Ақпасова 2014 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қорларды есепке алу, сақтау, консервациялау және қалпына келтіру қызметінің уақытша сақталатын экспонаттарды есепке алу және сақтау секторының жетекшісі қызметін атқарды, кейін қорларды есепке алу бөлімінің жетекшісі, қазіргі таңда музейдің қор қызметінің басшысы, Бас қор сақтаушы. Ұлттық музейдің ашылуымен бірге есігін келушілерге халықаралық деңгейдегі көрмелерге қойылатын экспонаттарды қабылдауда, экспозицияны жабдықтауда өз ісінің маманы екендігін дәлелдеді. 2014 жылдың музей қабырғасында өткен ғылыми-қор жұмысына арналған  халықаралық «Тенденции и перспективы культурной интеграции» атты ғылыми – практикалық конференциясының жоғары дәрежеде өтуіне ат салысты, белсенді ұйымдастырушы ретінде өзін көрсетті. 

2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларды жинақтау, есепке алу және сақтау қызметінің қорларды есепке алу бөлімінің жетекшісі қызметін жасақтап, музей қорына қабылданған экспонаттарды есепке алу, актілеу, түсім кітабына тіркеу, электронды түсім кітабына енгізу, экспонаттарды негізгі және ғылыми көмекші қорларға бөлу жұмыстарын асқан жауапкершілікпен атқарады. 2015 жылдан бастап «АС  Музей» автоматтырылған жүйесін музей қорына енгізу мақсатында басшылық етіп, жұмыс жүргізді. Ұлттық музейдің қорын толықтыру мақсатында «Ұлттық музейге сый тарту» акциясын ұйымдастыру жұмыстарын да үлкен жауапкершілікпен жүргізді. Қазақстан Республикасы «Даңқ кітабының» қолмен жазылған және электронды нұсқасын жүргізу жұмыстарына да басшылық жасады. Б.Р.Ақпасова Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы музейлер қорының Мемлекеттік каталогын жүргізу мен Ұлттық мәдени игілік объектілерінің Мемлекеттік Реестрінің  қалыптасуына, «ҚР Музей қорының музейлік заттарын есепке алу, сақтау, пайдалану және есептен шығару» нұскаулығының қалыптасуына да басшылық жасап, жұмыстың алға жүруіне өз үлесін қосуда.

Б.Р. Ақпасова - музей ісінің дамуына зор үлес қосқан тұлға.  Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен,  Астана қаласы Мәдениет басқармасының грамоталары мен алғыс хаттарымен,  «Астанаға 10 жыл», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Тәуелсіздікке 25 жыл» медальдарымен және «Қазақ хандығына 550 жыл», «Музей ісінің үздігі» белгілерімен марапатталған.

Музейлік өтілі  – 33 жыл.