Ұлттық музейде Астана күніне арналған музейлік сабақ өтті

ҚР Ұлттық музейінде елордамыздың төл мерекесіне орай «Арайлы Астанам!» тақырыбында музейлік квест сабағы өтті.

Сабақтың мақсаты – өскелең ұрпақты елорда тарихымен таныстыра отырып, ел астанасы туралы жан-жақты мағлұмат беру, білімдерін кеңейту, елорда мемлекетіміздің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, елдік пен тұтастықтың, бірліктің тұтқасы екендігін таныту, жасөспірімдердің бойында Отанға, елге деген құрмет сезімдерін қалыптастырып, елжанды азамат болуға тәрбиелеу.

Сабақ барысында оқушылар бас қаламыздың көнеден бүгінге дейінгі тарихымен кеңірек танысып, арнайы тапсырмаларды орындады. Кейін оқушыларға музей залдары бойынша экскурсия ұйымдастырылды.

Сабаққа Ақтау қаласынан келіп, «Айналайын» лагерінің жазғы демалысында жүрген бір топ оқушылар қатысты.